16 ақп, 2017 сағат 09:02

Әділет Шопен: "Ой ұшады төбеңнен төрттағандап..."

Әділет Шөпен «Жасқа жас, ойға кәрі» (Абай). Өлеңін оқып отырып өрмекші тор салып, шаң басқан ой бөлмесін бір тазалап, сүлгісін сүртіп алғандай күй кешесің. Қара өлеңдегі бұрынғы сүрлеуді бұзғанына, кей жерінде жәйдақ кететініне қарап мойындағың келмейді. Мойындатады. Оқығың келмейді. Оқытады. Әйтеуір, бір сиқыры бар. Бұл Әділеттің бойындағы – поэзия сиқыры болса керек.

Орыстар «стихотворение» дейді өлеңді. Стихия – табиғат құбылысы. Творениясы – жасау, жарату. Яғни, поэзия – стихия. Дауыл, бұрқасын, боран, құйын т.б. Мен Әділетті ақжауын дер едім. Өзіңмен-өзің оңаша қалып, тәтті мұңға елітіп, бір әсем күй кешесің басыңнан. Ақжауын сондай ғой...

Жанат Жаңқашұлы

 * * *

...Секілді мына түннің леп белгісі,
Рақмет айту керек пе өткен үшін?..
Жұпарың тамағымды тырмалайды,
Бұзып - жарып кеудемнің оттегісін.

Бойды жеңген əлде бір шалық бардай...
Түнек түбі жарқ еткен жарық қандай!..
Он екі қос қабырғам – желбезектей,
Жағаға шығып қалған балықтардай

Тыныс бітіп, 
Сенен шыққан əлсіздеу үнге ұйыдым, 
Тереңіңе кетеді түн құйылып?.. 
Бұл өмірді қысқа ғып көрсетеді, 
Көздеріңнің шексіз бір тұңғиығы!

Жанып – сөніп, лапылдап, қайта қызып,-
Кірпігімнен кетемін жай тамызып
Сүйегін теріп жүремін ойларымның,
Ар кезеді жүректе сайтан ізін!...

Шымылдығын көзіңнің шешіп қара,
Шешіп қара, шамамша есіп барам...
...Кіргеннен соң не болды, не болмады,
Біледі тек есік қана! -

Көтеріліп миымда қайта халық,
Ар дағы тіл, - мендегі мұң, айтары анық?
Сен кеттің... бөлме іші даусың қалды,
Жаңғырығы төрт дүркін қайталанып!

* * *

Жаудың ба төменде әппақ боп жатпаққа,
О, қайдан үйрендің солайша етуді ?
Сен неге аспаннан құладың, аппақ қар,-
Төменге құлаған дауыс ырғағы секілді.

Тамырында жүйкемнің сорғалап жатты мұң,
Әппақ қар, сен неге құладың?
Сенің шығармашылығыңның нәзік жанасуы, о, сенің, ақтығың,-
Өзің жоқ жердің қараңғылығынан білініп тұрады.

Кебінге оранып жапырақ қалдың ба,
Ажалын күте ме жапырақ тік тұрып?..
Сен болсаң қалықтап, жаудың да-жаудың да,
Қысқалық пен горизонттың-
Бейсана вертикалды екенін ұқтырып...

Қалықтап кел онда, кел онда.
Жапырақ үміті – тынысың?!.
Ақылды болсаң сен анықтап бер онда,
Мендегі әжімді қайғының...жынысын!..

Сен неге құладың, әппақ қар?...

* * *

Не деп алғыс айтамын қайғы саған?
Арғы беті көрінбес ай құсаған
Көз алдымнан бар əлем сырғып кетті,
Желтоқсан да ішуін қойды, Содан

Қабырғаға өз басын жандай ұрған,
Қандай хабар айтайын жағдайымнан:
Орайымнан быжынап құмырсқалар,
Əжімдер қашып шықты маңдайымнан

Сөз қона алмай бойыма енді сіңбей,
Əлсіз жанған шырақтың кем күшіндей.
Əлсін - əлсін күбірлеп,
дыбысқа ие емес, жіңішкелік 
белгісіндей -

Естіледі дауысым ешқай жақтан,
Өлген ойдың көздерін кеш қой жапқан.
Қала өшірді шамдарын менде өшірдім,
Неге жарық?!
Ол қайғының шамы ғой өшпей жатқан!..

* * *

Санаң - өткен өмірді жоқтаған жақ
Жап - жарық боп жанатын тұсы – өлеңдей.
Ой ұшады төбеңнен төрттағандап
Сүйектері сөзбенен мүшеленбей.

Ауыр мұңдай бір соқпай кете алмайтын,-
Жарық шамның көзінен көрінбей түн.
Өзендердей мұхитқа жете алмайтын,
Ұзын сөздей буынға бөлінбейтін.

Ауа қалды шымырлап қуысында,-
Көшелердің көзінде батыпты күн?
Ал, бөлмемнің бесінші бұрышында
Өрмекшілер тоқиды уақыт жібін

Іңір дағы келуін жыр ғып төксе,-
Жалғыздығын жаныңның шертсе қыры
Болашақтың аузынан сырғып кетсе-
Сұраулы есімдіктің көпше түрі

* * *

Сенің сөзің - қайғыма өтімді мың
Жыртығымды жамайды кекілді мұң?
Иығыңнан құлаған көлеңкеңнен,-
Өзім бұрын құлайтын секілдімін.

Тұз сепкендей жарамның өзегіне,
Менің ескі санамды кезеді не?
Рет - ретімен қойылған қала шамы,
Тұрғандайын қайғының кезегіне!

Екі қасың ұмтылған ұлылыққа, -
Саған өлең жазамын.. мұны да ұқпа!..
Ал, буланған терезеге жазған атың,
Ақты неге айналып құбыжыққа?!

Əр күніңді қайғыммен бер төлейін,
Жандыруды ұмытпа, өрте кейін!..
Ғайып болдың ауада тілімденген, -
Сырғып түскен үстімнен көрпедейін

Нені үйретті махаббат, нені ұқтырды?
Жоқ іздеген санамды еліттірді.
Екеумізді " қоштасу кезеңінен"
Сүтпісірім уақытқа бөліп тұрды, —

Тылсымданған əлдебір бұрылыстан,
(Тұрамын мен өзіңді бұрын ұстап...)
Ал, бөлмеде ойларым өзің жайлы,-
Неге ойнап жүр өліммен тығылыспақ?!.

***

Жоғары нотаны алған əншідей... сөздің басы-
Есіміңді аузыма ала бердім...
Қар жаумады, жауды да көздің жасы,
Тар қапасқа қалдырып бар əлемді-

Тақтан ақыл құлады, сана қайтқан
Шықпай қалып ұядан, - батқандай күн?
Сен қайтпадың, қайтты сөз саған айтқан
Өзімді - өзім қайтарып жатқандай бір

Мен Тəңірдің есебін сұрап көктің,
Сол жағында.. кеуденің.. керістік пе?
Сені іздерде мен сорлы құлап кеттім,
Бөліп тұрған бізді бос кеңістікке.

Сол күні түн. Мұң. Тағат - құрдым..
Сөзді күрсін өкпеңнен: "келем" деген.
Мен шылым - мұң күрсініп жамап тұрдым,
Кеңістікті жыртылған - Өлеңменен!

 

***

Тылсымды іздеген ойларым: " əне "- десіп,
Жанайқай - өкпеден шығатын дауысты дыбыстың солғындау дəрежесі.

Кім ойлап табады ондайда мұң дəрісін...
Сондай ойлардың компоненттерінен тұратын бірлігі мұндағысы

Кім білер өлгенде жанымыз қай жаққа кетеді,
Өлімді ойлаған ойыңнан көртышқандар жүгіріп өтеді. -

Ол ойлар іңірге енші екен...
Күлмеймін. Мен сізге қазір жəй.. тісімнің жалаңаштанған түрін көрсетем.

Ұлт порталы