29 сәу, 2022 сағат 10:15

«Ағаш адам» оқырманға жол тартты


Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында жазушы Мақсат Мәліктің «Ағаш адам» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Жаңа кітапқа жазушының бұған дейін еш жерде жарияланбаған «Құдық басындағы екеу», «Ескі үйге апаратын жол», «Зұлымдық портреті», «Барсик» және басқа да қызықты әңгімелері енген.

Мақсат Мәлік - жаңа ғасыр басында бізбен бірге әдебиеттің киелі табалдырығынан сенімді аттаған дарынды жазушы. Аз жазса да саз жазатын, мистика мен психологизмдерді қатар өре алатын, әріп арқылы емес, сөйлемдер арасында жасырулы алуан түрлі ойлар мен тұспалдарды түйсігіңе жеткізе білетін, заманауи прозаның қыр-сырын жетік меңгерген талғампаз қаламгер. Мақсаттың шығармашылығы көп оқырманға таныс болмаған шығар, бірақ таптаурын емес, өзге прозаны іздеуші, ерекше стильді жақсы көретін адамға таптырмайтын қазына, - дейді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек.


«Ағаш адам» кітабы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2021 жылдың желтоқсанында басылып шыққан.  

Бұл кітап мистикиалық, фентези жанры негізінде жазылды. Әңгімелер жинағынан туратын кітап жалпы оқырманға арналған. Әкімдіктің қолдауымен шыққан кітап қаладағы барлық кітапханаларға таратылады, - дейді жазушы М. Мәлік.

Жаңа туынды «Abai» баспасынан 1000 данамен басылып шыққан.

Айта кетсек, жазушы Мақсат Мәліктің бұған дейін «Жұмбақ кітап» атты шығармалар жинағы жарық көрген болатын.