28 қар, 2022 сағат 11:18

Ақберен Елгезек: "Құдай берген дүниені халыққа жеткізуің керек"


Алматыда "Ұлы Жібек жолымен" атты кітап көрмесі аясында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің "Калейдоскоп" және "Шаһар кезген" өлеңдер жинағы көпшілік назарына ұсынылды, деп жазады Massaget.kz порталы.

Бұл шараға кітап авторынан бөлек ақын-жазушылар, оқырмандар және журналистер қатысты. Шараны жазушы Мақсат Мәлік жүргізді.


"Ақберен өлеңдері арқылы жанымды тыныштандырдым. Мен сені мақтамаймын. Қазақтың өзіңдей мақтан тұтар жігіттері көп болсын деп тілеймін. Кешегі Сырбай Мәуленов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов сияқты ірі тұлғалары болды ғой. Бүгінгінің ірі ақыны – Ақберен. Қазіргі мақтанышымыз", - деген оқырманның бірі ақынның өлеңін оқып берді.

Автор оқырмандармен сұрақ-жауап барысында "Болмаған балалық шақ" атты прозалық шығармасына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Мақсат Мәлік: "Болмаған балалық шақ" повесі жазылмағанда не болатын еді?

Ақберен Елгезек: "Болмаған балалық шақ" жазылмағанда ар жақтағы кеңістіктің бәрі жабылып қалатын еді. Бұл шығарманы жазып шыққаннан кейін басқа бір автордың басынан өткен шығарма сияқты болып қалды. Анамды да, басқа да кісілерді кешірдім. Басқа бір кітапты оқып шыққан сияқты, өзімнің тағдырым емес секілді. Есесіне, ар жақтағы бүкіл кеңістіктер ашылды. Соның арқасында Мақсат тілге тиек етіп отырған өлеңдер жазылған шығар. Ол шығармаға қарыздармын. Маған катарсис болды", - деді Ақберен Елгезек.


Мақсат Мәлік: Ақберен Елгезек поэязиясында бәрі жұмбақ сияқты көрінуі мүмкін. Түсінген адамға ақын рухани әлемін, ішкі жан дүниесін ашып көрсетеді. Бірақ сол қаншалықты қиын және қауіпті?

Ақберен Елгезек: "Өзің ақын-жазушы боп жаратылғаннан соң рөлге кіріп ойнаудың не қажеті бар? Құдай берген дүниені халыққа жеткізуің керек. Ол үшін образға кіріп, перде сыртындағы "қара айдаһар" сияқты тұру менің де қолымнан келеді. Кейде артық дарылдап, көрінгенге жылпылдап кетеміз. Сол кезде "недоступны" болып жүрмеймін ба" деген ой келеді. Бірақ ол менің табиғатыма жат нәрсе. Шындығында, халықпен жұмыс істейтін болып жаратылғаннан кейін өзіңнен өтірік тұлға жасамау керек. Шынайылық шығармашылығыңда да көрініс табуы керек. Жазасың ба, сарқып жаз. Өлең жазарда "мынаны оқырман түсінеді, түсінбейді, рухани деңгейі жетеді немесе жетпейді" деген сұрақ мазаламауы керек. Парызың тек қана жазу! Тіпті кейбір өлеңімді өзіме оқып, оның ішінде мен оқымаған кітаптарға сілтемелерді түсіндіріп берген ондаған адамды көрдім. Оқыған ілімді адамдар "сен мынаны қайдан білесің" деп сұрайды. Мен білмейтінімді, тек жазғанымды айтамын. Олар осы тақырыпқа қатысты бірнеше кітаптарды атайды. Егер Құдай саған осындай талант, қазына беретін болса, оны халыққа толық ашып беруің керек. Әйтпесе, таяқ жейсің!"

Мақсат Мәлік: "Қоятын соңғы сұрағым әннің сөзіне байланысты. Өзің "Сүйікті етші" т.б бірнеше әннің сөзін жаздың. Демек, осындай өлеңді де әнге әкелуге болады екен ғой. Басында адамдар әртүрлі көзқараста қарағаны рас. Бірақ қазір түсінікті болды деп жатыр. "Сүйікті етші" әнінің сөзі бір қарасаң махаббатты, бір қарасаң Тәңірді еске салады. Одан бөлек, бағана өзің айтқандай, интеллектуалды поэзияң бар. Екеуі арасында тартыс болмай ма?


Ақберен Елгезек: "Алдымен, бірінші сұрағыңа жауап берейін. Кез келген ақын-жазушы өз заманына жауапты. Егер әннің сөзі қисайып тұрса қазақ жерінде мыңдаған ақын жүргеннен не пайда? Әннің сөзін түзеу керек. Өйткені ол мамандық. Мысалы, құрылыстың бәрі қирап жатса, құрылысшылар "өзіміздің қиялымыздағы сызбалармен өмір сүреміз" десе, ешкім үй салмайды ғой. Сол себепті мен бұған араластым. Әлбетте, оған Мейрамбек досым түрткі болды. Абайдың "сөз түзелді, сен де түзел" дейтіні сияқты әннің де сөзін түзеу керек.

Менің күйім Толстойдың күйі сияқты болып тұр. Ол "осы күнге дейін жазылған бүкіл шығармамды өртеймін" деген екен. Менде тура сондай  сезім болды, болып жүр. Осы күнде де ішінара кейбір он шақты өлеңімді іріктеп, қалғанын өртеп жіберуге іштей дайынмын. Бұл физикалық тұрғыдан жасалмайтынын білем. Өйткені кітаптарым таралып кетті. Іштегі есебім. Бұл бір нәрсені жойып, басқа нәрсені бастау. Былайша айтқанда, шексіздік.

Өткенде өмірімде алғаш рет метроға міндім. Қала кептеліс еді. Метро маған қатты әсер етті. "Бұрынғыдай отырып өлең жазсам қалай болады?" деп ойладым. Мүмкін емес екен. Ол жақ жабық тұр. Құлыптаулы. Адамдардың арасында жалғыз қалғанда, бұрынғыдай өлең жаза алмайтынымды түсіндім. Мысалы, метро туралы бұрын жазсам "ғарышта ұшып бара жатқан жұлдыз құсап"... деп жазар едім. Бірақ қазір олай жазуға ішімде бірдеңе рұқсат етпейді екен. "Қума, енді бұлай жазба!" дейтіндей ішімде бір цензура тұр.

Жалпы, айтқанда үлкен дүние тудыру үшін бәріне көнуің керек екен. Саған шіріген жұмыртқа лақтыруы мүмкін, сенен бас тартуы мүмкін. Адам өмірінде сондай метаморфозалар болады. Қазір мен сондай күй кешіп жатырмын".


Айта кетейік, Ақберен Елгезектің  “Көлеңкелер күбірі”, “Ғарыш”, “Шексіздік сыртындағы шам”, “Fantasmagoria” (түрік тілінде) атты жыр жинақтары жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, француз, испан, араб, қытай, түрік, әзербайжан, қырғыз тілдеріне аударылып, көптеген антологияларға енген. Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының, Қазақстан Жастар одағының “Серпер” және  “Алтын қалам”, “Семсер” ұлттық сыйлықтарының иегері. Көптеген республикалық мүшәйралардың жүлдегері. Былтыр қазан айында қаламгердің «Болмаған балалық шақ” атты проза жанрындағы тұңғыш кітабының жарық көруіне орай  Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында “Қолтаңба кеші” өткен болатын.