23 қар, 2023 сағат 20:35

«Ақтабан шұбырынды» заманының оқиғалары талданды



Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама: оқиғалары, себептері, салдары мен сабақтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ халқының тарихындағы қаралы кезеңді қамтыған бұл оқиғаға биыл – 300 жыл.


Іс-шараға белгілі қоғамтанушы ғалымдар, шетелдік және отандық тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.


Конференция ашылуында тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Досбол Байғонақов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың жолдаған хатын оқып берді.


«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама – қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі. Тарихтың  осы бір қаралы кезеңі кейінгі ұрпаққа «Елім-ай» әні арқылы жетті. Биыл осы қасіретті оқиғаға – 300 жыл.  Бүгінгі конференция барысында тарихшылар мен ғалымдар тарихи оқиғаның себептері мен салдарын жаңа көзқараспен жан-жақты саралап, ғылыми тұжырымдамаларын білдіреді деп сенемін», – делінген хатта.


Сондай-ақ шарада Мәмбет Қойгелді, Жанғара Дәдебаев, Қансейіт Әбдезұлы, Берекет Кәрібаев, Аманжол Қалыш  және т.б. ғалымдар мен тарихшылар баяндама жасады.


Ғылыми басқосуда  мамандар ХVIII ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ тарихының күрделі кезеңдерін зерделеу және қазақ халқының басқыншылыққа қарсы күресін зерттеу мәселелерін талқылады.


Конференция аясында «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» атты кітаптың тұсауы кесілді.


Жиын барысында  «XVII-XVIII ғғ. Қазақ мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты», «Қазақ-жоңғар қатынастары», «Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің рөлі» тақырыптары да қамтылды.

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы