06 сәу, 2022 сағат 18:20

Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке келді


Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке келді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Ақтоты Райымқұлова "Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы" РМҚК директоры болып тағайындалды", - делінген хабарламада.

Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы. 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «композиция» және «фортепиано» мамандығы бойынша аяқтаған.

Халықаралық бизнес академиясында білім алып, DBA (Doctor of Business Administration) дәрежесін алған.

Түрлі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор болып еңбек етті.

2014-2016 жылдар аралығында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2016 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі, 2019-2022 жылдар аралығында Мәдениет және спорт министрі қызметтерін атқарды.

Бұған қоса, Ақтоты Райымқұлова ғылыми еңбектердің авторы, көптеген музыкалық шығармалардың, көркем фильмдерге арналған саундтректердің композиторы болып табылады.