16 қаң, 2025 сағат 15:10

Ақын Нұртас Тұрғанбек: «Қазақ қаламгерлеріне өзін жарнамалау жетіспейді»


Қазақ поэзиясының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жастар арасында өлеңге деген қызығушылық артып жатқаны рас па? Ақындардың бүгінгі күн көрісі мен шығармашылық өмірі қалай өрбіп жатыр? Поэзияның болашағы бар ма? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде белгілі ақын Нұртас Тұрғанбекпен сұхбаттастық.

– Нұртас мырза, қарапайым адамдар поэзия әлемінен алыс болуы мүмкін. Алайда жанға сая болатын әдемі өлең шумақтарын оқып, жаңа ақындар туралы білгісі келетіндер бар. Жалпы қазақша өлеңдер қазір қайда жарияланады? Неге біз ақындар туралы, олардың өлеңдері туралы ештеңе білмейміз? Сіз өлең жинақтарыңызды әдетте қайда жариялайсыз?

– Қазіргі таңда өлең жарияланатын жер өте көп. Сайттар бар, газет-журналдар бар. «Қазақ әдебиеті» де «жастардың шығармашылығы» десе өзгеше қарайды. Негізінен әркім өзінің парақшасында жариялайды. Айталық, Instagram желісінде, Facebook-те немесе TikTok-та. Қазір TikTok шыққалы бері Instagram-ның дәурені біраз қысқарып қалды ғой. Одан бөлек, қазір жақсы бір үрдіс бар – өлеңдерді жатқа оқып, видеолар жариялайды. Бұрынғыға қарағанда өлеңдердің оқырманы да, тыңдарманы да көп. Дегенмен, мұның да дұрыс емес тұсы бар. Яғни шөп те өлең, шөңге де өлең болып кетті. Жаргон сөздер қосылған шумақтар, әзілге құрылған тақпақтар бәрі өлең болып кетіп жатыр. Осы тұста қиын, әрине. Мен өлеңдерімді көбіне TikTok-қа салып жүретінмін, қазір көп жарияламайтын болдым. Бірден кітап етіп шығарған дұрыс па деймін. Бірақ арасында әлеуметтік желілердегі парақшамда жариялап тұрамын.

– Жалпы ақындар қазір қалай күн көріп жүр? Тек қана шығармашылықпен күн көруге бола ма?

– Жолын таба білген адам тек қана шығармашылықпен күн көре алады. Бірақ ол үшін әлемде қаншама әдеби агенттік жұмыс істейді. Бір танылған өлеңнің өзін сүйреп, сол арқылы танымал болып кетуге болады. Табысты болу үшін ең алдымен танымал болуың керек. Танымал болсаң, кітабыңды сата аласың. Сол арқылы пайда көресің. Алайда барлық ақын, қаламгерлер оған қабілетті емес. Сол себепті әркім әртүрлі жұмыс орнында қызмет атқарады. Журналистика саласында, заң саласында, тіпті кейбірі жеке кәсіпте жүр. Өлеңнің жеке бір мамандығы жоқ қой. Кез келген салада жүріп те жазуға болады.  

– Ақындарға мемлекеттен қолдау бар ма? Өзіңіз қандай да бір қолдау көрдіңіз бе?

– Бұрынғымен салыстырғанда мемлекеттен қазіргі жас қаламгерлерге қолдау бар. Мысалы былтырғы жылдың өзінде жазушыларға үш роман жаңадан жазуға мүмкіндік берілді. Одан бөлек «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деген сериямен кітаптар жарық көрді. Ақыны бар, жазушысы бар 17 облыс, 3 қалаға барып, сол жерлердің тарихы жайлы, аңыз-әңгімесі, бүгіні туралы, жалпы кім қандай әсер алады, соны жазды. Оған бөлек гонорар төленді, кітабын шығарып берді. Сондай-ақ жыл сайын мемлекеттік тапсырыстар болады. Мемлекеттік тапсырысқа кітабы енген қаламгердің әр баспа табағына алатын гонорары бар. Мемлекеттен қолдау бар, дегенмен осы ақын-жазушылардың танымалдылық жолында жұмыс істелсе жақсы болар еді.  

– Қазақ өлеңдері дәріптелуі үшін сіздің ойыңызша не жетіспейді?

– Өзін-өзі жарнамалаудан қашу. Қазіргі жастар, мобилографияны жақсы білетіндер керемет бір контент жасап салады. Мен өзімді айтар болсам, мойындаймын бұл жағынан сәл осалмын. Парақшаны эстетично ұстау, жүргізе білу деген сияқты тіпті ұсақ-түйекке дейін мән берілуге тиіс шаруада еріншектік жеңіп кете береді. 
Қазір әлеуметтік желі барлығына бірдей қолжетімді дүние ғой, әркімде өзінің жеке парақшасы бар. Сол парақшаны дұрыстап жүргізе білу керек. Жақсы деген өлеңдерді жарнамаға, таргетке салуға болады. Осы арқылы әркім өзінің шығармашылығын дамыта отырып видео жасау арқылы көпшіліккн таныстыра алады. Сол арқылы танымалдылығы да артады. Одан бөлек, бағана айтып өткенімдей, әдеби агенттіктер жетіспейді. Өлеңдерді шет тілдерге аудару, шетелдік қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне аудару деген сияқты, аудармалармен жұмыс жасалатын болса. Бұған дейін де жасалды, бірақ көбіне танылған ақындардікі, танылған қаламгерлердікі, көбіне солар назарға ілінеді. Бізден кейін қаншама буын келді қазір әдебиетке. Әр буын өзінше бір стильмен келеді, жаңаша көзқараста келеді, тіпті еркін сілтейтін буын бар. Сондықтан алда әлі де бұдан да мықты ақындар шығады деп ойлаймын. Өлең – ешқашан өлмейтін өнердің бірі. Жалпы өнер атаулының бәрі өміршең келеді ғой. Адам өлең арқылы емделеді, жанына сая табады, жұбаныш табады. Өлең арқылы өзі айта алмаған дүниені айта алады. Қазақ бар кезде, тіл бар кезде, ұлт бар кезде өлең ешқашан өлмейді.

– Қазір әншілер өз әндеріне өздері сөз жазатын болған. Және олардың мән-мағынасы терең деуге келмейді, әдетте жай ғана сөз жинақ болып қалады. Бұған қалай қарайсыз?

– Біраз уақыт әншілер өздері сөз жазып кетті немесе композитор сөз жазып бере салады. «Осы сөз әнге келіп тұр екен, осы күйінде айта салайын» деп, талай логикалық қателіктерге ұрынып жатқан, саны бар, сапасы жоқ дүниелер қаптап кеткені рас. Бірақ кейінгі уақытта халық та әлеуметтік желілерде әжуалайтын болғандықтан, әншілер де сөзге мән бере бастады. Бұл негізі тыңдармандардың қалауына қарай екен. Мысалы тыңдарман сөзге өте мән беріп қарайтын болса, ешқашан әнші де композитор да сөзге араласпас еді. Сонда сапалы сөз жазғызу үшін ақындарға жүгінер ме еді. Әттең, олай болмай тұр. Түркияда кез келген адам, ол көше сыпырушы болсын, басқасы болсын, айтылып жатқан әннің сөзіне өте қатты мән береді екен, сараптайтын көрінеді. Сол үшін олардың әндеріне назар аударсаңыз, нағыз поэзияны көресіз. Ал бізде тойда билеуге ыңғайлы әндер, оның сөзі де жеңіл-желпі, мән-мағынасыз. Бұл мәселеге мен де біраз уақыт налыдым. Үзілмейтін бір үміт бар, бәлкім жүре келе түзелер. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, қазір енді тыңдаушы түзелсе, сөз де түзелер еді.

– Өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айтып кетсеңіз. Кейінгі шыққан өлең жинақтарыңыз? Жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Біз де хал қадірімізге жазып жүрміз. Былтыр «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» бойынша Ұлытау облысын алғанмын. Сол облыс жайлы жазған өлеңдерім бір жинақ болып жарық көрді. Кейінгі жұмысым сол менің. Былай әндерге ара-тұра сөз жазып тұратыным бар. Өлең жазып жүрмін, өзім үшін жазып жүрмін. Себебі ол киелі дүние. Кей адамдар творчестволық кеш берсеңізші деп жатады. Өзім оған әлі ерте деп есептеймін. Білмеймін енді, мұндай керітартпа дүниелер дұрыс емес те шығар. Бірақ өзім ерте деп ойлаймын. Уақытында бәрі бола жатар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Анара Бауыржанқызы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: НҰРТАС ТҰРҒАНБЕК: "ТҮНДЕГІ ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫҢ ЖАН АЙҚАЙЫ..."