01 сәу, 2026 сағат 17:14

Әл-Фараби даңғылындағы трагедиядан кейін депутат жаза мәселесін көтерді


Фото: parlam.kz
Уәкілетті органдар мас күйінде жасалып, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілік тетіктерін түбегейлі қайта қарап, жасалған әрекеттерге сай жаза мерзімдерін белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс, деп есептейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым. Ол бұл ретте халықаралық тәжірибеге сүйенуге болатынын айтып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

"Жуырда Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылы бойында орын алған қайғылы оқиға бізді тағы да бір маңызды әрі өткір сұрақтың алдына қойды: қылмыскерлер мен құқық бұзушыларға лайықты жаза тағайындауға арналған құқықтық тетіктеріміз жеткілікті ме?
Апатқа айыпталушының әрекеті үш адамның өмірін қиды. Балалар ата-анасыз қалды, ал ата-аналар өз балаларынан айырылды. Бұл қайғы олардың отбасыларының тағдырын тас-талқан етті. Енді олардың өмірі ешқашан бұрынғыдай болмайды.
Шынын айту керек, мұндай қайғылы жағдайлар әрқайсымызда дәрменсіздік сезімін, алаңдаушылықты, өзіміздің және жақындарымыздың өмірі мен қауіпсіздігіне деген үрейді тудырады", - дейді депутат. 


Айдос Сарымның пікірінше мұндай оқиғалар қоғамда сенімсіздік пен күмәнді күшейтіп, қоғам мен билік арасындағы алшақтықты тереңдетеді, заң мен тәртіптің тиімділігіне деген сенімді әлсіретеді.

Сонымен қатар депутат әкімшілік амнистия бастамасының қоғам тарапынан оң қабылданғанын атап өтті. Көптеген сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері бұл қадамды әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетудің бір тетігі және «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы маңызды шешім ретінде бағалап отыр.

Алайда ол кейбір азаматтардың жүргізуші куәлігінен айырылған адамдарды амнистия аясында қайта көлік жүргізу құқығымен қамтамасыз ету туралы талаптарына қарсы екенін ашық айтты. Депутаттың сөзінше, мұндай тұлғалардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзған, мас күйінде көлік басқарған және өзге де қауіпті әрекеттерге барған.

"Мұндай адамдарға қайтадан рөлге отыруға мүмкіндік беру – қоғам қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірумен тең", – деді ол.


Айдос Сарым амнистия – мемлекет пен қоғамның гуманистік актісі екенін, алайда бұл қағида адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге қолданылмауы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң қабылдау барысында ең басты сұрақ – бұл шешім азаматтардың өмірін қауіпсіз ете ме деген мәселе болуы керек.

Депутат сөз соңында заң шығарушы органның басты міндеті – құқық бұзушыларды ақтау емес, керісінше жаңа қылмыстар мен қайғылы оқиғалардың алдын алу екенін жеткізді.