29 қаң, 2021 сағат 09:41

Алик Шпекбаев отандық ТОП-50 компанияны комплаенс-қызмет енгізуге шақырды

Қазақстанның ірі жеке ұйымдарында комплаенс-қызметтер құру жұмысы басталады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын одан әрі дамыту мақсатында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті базасында білім беру және әдіснамалық сүйемелдеу басталады. Комплаенс-офицерлер ұлттық компанияларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу жұмысының сапасын арттыруға мүмкіндік беретін кешенді семинарларға қатысады», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Осы ретте агенттік басшысы еліміздегі ірі жеке ұйымдарда комплаенс-қызметтер құру басталатынын айтты.

«Сонымен қатар, біз Қазақстанның ірі жеке ұйымдарында комплаенс-қызметтерді құру бойынша жұмысты бастаймыз. ТОП-50 отандық компанияның меншік иелерін осы институтты енгізуге шақырамын», - деді Алик Шпекбаев.