14 жел, 2020 сағат 12:22

Әлихан Байменов: Сенім - өте маңызды әкімшілік құндылық

Тұрақты, орнықты даму деңгейіне шығу үшін қоғамда , қоғам мен билік арасында сенім жеткілікті деңгейді болу керек. Бұл туралы «Қоғамдық сенім және әлеуметтік капитал» атты халықаралық онлайн конференция барысында Мемлекеттік қызмет саласындағы Орталық Азия Өңірлік хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сенім – өте маңызды құндылық. Оның ішінде біздің қоғам секілді өтпелі кезеңде тұрған модернизациялауды қажет ететін қоғамда сенімнің маңызы өте зор. Себебі, тұрақты, орнықты даму деңгейіне шығу үшін қоғамда , қоғам мен билік арасында сенім жеткілікті деңгейді болу керек. Әсіресе, қазіргі ұзақ мерзімді ықпалы бар пандемияны алсақ, өткен жарты жылда сенімнің тек қана қоғамның құндылығы емес сонымен қатар, өте маңызды әкімшілік құндылық екені, үкіметтің сүйенетін тірегі ретінде жаһандық деңгейде көз жетті. Себебі, сенім болмаса үкіметтердің тіпті дұрыс қабылданып жатқан шешімдеріне күмәнмен қарау көп болады», – деді Әлихан Байменов.

Сонымен қатар, ол сенімнің жеті тірегін атады.

«Менің пікірімше сенімнің жеті тірегі бар. Атап айтар болсам, коммуникация, еңбекті бағалау, әдеп, қаупсіздік, ортақ ержелерді құрметтеу және заңды басшылыққа алу, әлеуметтік лифтлердің дұрыс жұмыс жасауы және қоғамдағы ықпалдастық пен ынтымақтастық», – деді ол.