20 ақп, 2024 сағат 15:51

Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы қандай болатыны көрсетілді


Алматы әуежайының президенті Аль Эр Тунга Ерсой 2024 жылдың 20 ақпанында жаңа халықаралық терминал 87% дайын екенін, 2024 жылдың маусым айында жұмыс істей бастайтынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Zakon.kz басылымына сілтеме жасап.

Осылайша, жаңа терминал тек халықаралық рейстерге қызмет көрсетеді. Ескі терминал  өзгертіліп, ішкі рейстерге қызмет ететін болады.

"Бүгінгі таңда жаңа халықаралық терминал ғимаратының дайындық деңгейі 87%, орталық инженерлік қондырғы – 99%, әуеайлақ – 93%, вокзал маңы аумағы – 78%, эстакада – 80% дайын. 2024 жылдың маусымына қарай жаңа терминалды ашуды жоспарлап отырмыз", - деді Аль Эр Тунга Ерсой.



Алматы әуежайы президентінің айтуынша, терминалда жолаушыларды рейске тіркейтін 50 бағана болады. Ыңғайлы болу үшін өз бетінше тіркелуге арналған бағаналар да болады.

"Рейске немесе паспорттық бақылауға тіркелу кезінде ұзын-сонар кезек болатыны туралы шағымдар алып жатамыз. Негізінде, жұмыс істеп тұрған ғимараттың өткізу қабілеті шектеулі, сондықтан қосымша қабылдау орындары пайда болады. Сонымен қатар, біз тіркелу бағанасынан гейтке дейінгі орташа уақытты 15 минуттан 3-4 минутқа дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді Аль Эр Тунга Ерсой.



Бұдан бөлек, жолаушылардың жайлылығы үшін жаңа терминалда әр қабатта ана мен бала бөлмелері, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жайлылық, балаларға арналған ойын алаңы, сондай-ақ демалыс бөлмелері, сo-working-аймақтар, VR-бөлме, үй жануарларына арналған дәретхана көзделетін болады.


Сондай-ақ, мұнда Азаматтық авиацияның дамуына және Алматы әуежайына арналған мұражай ашылады.



Қолданыстағы терминалды жаңартуды ескере отырып, Алматы халықаралық әуежайының жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін ұлғаяды, ал жаңа терминалдың телескопиялық траптары борттың көлеміне байланысты бір уақытта жеті ұшаққа дейін қабылдай алады.