05 мам, 2026 сағат 09:58

Алматы прокуратурасы Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты іс қайта сараланды


Фото: egemen.kz

Алматы қаласының прокуратурасы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған ауыр жол-көлік оқиғасына қатысты жаңа деректерді жариялады. Іс қайта сараптамадан өткізілген. Бұл туралы Ult.kz 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Бұған дейін аталған іс “жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу” бабы бойынша қаралған. Аталған бапқа сәйкес кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар негізгі қылмыстық іспен қатар, полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты тағы бір іс тергеліп жатқаны белгілі болды.

“Басқа да кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.


Айта кетейік, бұл қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Белсенділер тек кінәлілерді жазалаумен шектелмей, жүйелі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.

Әлеуметтік желілерде Әл-Фараби даңғылына қарсы бағыттарды бөліп тұратын қоршаулар орнату туралы петиция жарияланды. Бастама көтергендер мұндай шаралар қарсы жолаққа шығудың алдын алып, адам шығынын азайтуға ықпал етеді деп есептейді.

Еске салсақ, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болған еді. Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан ол қарсы бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат нәтижесінде 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.