04 мам, 2026 сағат 11:47

Павлодарда заңсыз көші-қонды ұйымдастырған күдікті қолға түсті


Фото: pixabay.com


Павлодар облысында заңсыз көші-қонның жасырын арнасы әшкереленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Криминалдық полиция жүргізген арнайы операция барысында мемлекеттік шекара арқылы адамдарды заңсыз транзитпен өткізу әрекеті тоқтатылды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде көрші елдің азаматы ұсталды.


Тергеу мәліметінше, күдікті өз отандастарын Ресей Федерациясы арқылы Қазақстан аумағына заңсыз жеткізудің схемасын ұйымдастырған. Ол бұл мақсатта MAN маркалы жүк көлігін пайдаланған.


Көлікті тексеру кезінде жедел қызметкерлер адамдарды жасырын тасымалдауға арнайы жабдықталған құпия орынды анықтады. Автокөлік тәркіленіп, айып тұрағына қойылды.


Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары күдіктінің басқа да осындай құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.


Полиция заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыруға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.