04 мам, 2026 сағат 17:28

Астанада “қауіпсіз шот” айласы: алаяқ 21 миллион теңгені қолды қылған


Фото: Polisia.kz


Астанада ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 43 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Қаланың Алматы аудандық полиция қызметкерлері “Anti-fraud” жедел алдын алу іс-шарасы аясында күдіктіні қолға түсірген. Тергеу деректеріне сүйенсек, ол өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге телефон арқылы хабарласқан.


Күдікті “сіздің депозиттік шотыңыздан белгісіз тұлғалар ақша аударуға әрекет жасап жатыр” деп сенімге кіріп, қауіпсіздік мақсатында жалған “қауіпсіз шотқа” 1 миллион теңге аударуды талап еткен. Артынша іске сыбайластары қосылып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар “операция жалғасып жатыр” деген желеумен жәбірленушінің өзге де жинақтары туралы ақпарат алған.


Сөйтіп, алаяқтар азаматты банктегі ірі сомадағы қаражатын шешіп алып, оны “тексеру үшін” арнайы курьерге беруге көндірген. Нәтижесінде жәбірленуші 21 миллион теңгені қолма-қол алып, қорапқа салып, белгісіз адамға табыстаған.


Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері ақша қаражатын түрлі шоттарға аударған шетел азаматын ұстады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: белгісіз адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларына сенбеу керек. Банк немесе құқық қорғау органдары ешқашан ақша аударуды немесе қолма-қол қаражатты үшінші тұлғаларға беруді талап етпейді. Күмәнді жағдай туындаса, дереу полицияға хабарласу қажет.