Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Бүгін ькөрнекті актер, режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті. Халық артисі Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрынан соңғы сапарға аттанды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.
«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Иманы саламат, жаны жаннатта болсын!», — делінген жеделхатта.
Қаралы жиынға қатысқан Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Асанәлі Әшімовпен бірнеше шарада кездескенін және орындалмай қалған ой-ниеті туралы да айтты.
«90 жылдық мерейтойын Алматы бойынша ғана емес, бүкіл Қазақстан көлемінде мәдени мерекеге айналдырамыз деген жоспарымыз болған еді. Өкінішке қарай, Алланың жоспары басқа екен. Амал қанша», — деді қала әкімі.
Қоштасу рәсіміне
мәдениет және өнер саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, марқұмның
әріптестері, шәкірттері және қала тұрғындары көптеп жиналды.
Айта кетейік, Асанәлі
Әшімов 21 желтоқсан күні 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Халық артисі «Кеңсай-1» зиратына жерленеді.
