12 қар, 2025 сағат 15:28

Алматы жұртшылығы Ғалым Доскенді соңғы сапарға шығарып салды


Фото:  Almaty.tv


65 жасында өмірден озған белгілі әдебиет сыншысы, филолог және режиссер Ғалым Доскенді Алматы жұртшылығы ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Ult.kz.


Көзге жас, көңілге шер ұялатып өткен бұл күнде зиялы қауым, ақын-жазушылар мен қала тұрғындары марқұмға соңғы құрметін көрсетті. Ғалым Доскенді жақындары мен әріптестері «ізденімпаз, шығармашылыққа шексіз берілген тұлға» ретінде еске алды.


«Қазақ руханиятының тағы бір асыл азаматынан айырылып қалдық. Ғалымның мәдениет саласындағы еңбегі ұшан-теңіз. Студент кезімізден бастап алғырлығы, білімге құштарлығы көзге түсетін. Оның ең үлкен жетістігі – «Қазақстан» ұлттық телеарнасын дамытуы болды» – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.


Ғалым Төлембекұлы 1960 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, 2000 жылы медиаменеджментке бет бұрған. «Қазақстан» республикалық теле және радио корпорациясында басқарма төрағасының бірінші орынбасары, кейін төраға қызметін атқарды. Сол жылдары «Алтын сақа», «Ақжүніс», «Шынның жүзі», «Үзеңгі жолдас» сынды бағдарламалар оның шығармашылық қолтаңбасымен есте қалды. Сонымен қатар, қазақтың төл өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты.