06 мам, 2026 сағат 12:45

Алматыда 50 автобус экология талабын бұзған: 13 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда экологтар №3 автобус паркін тексеру барысында ондаған заңбұзушылықты анықтап, миллиондаған айыппұл салды. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.

Тексеру кезінде паркте тіркелген 289 автобустың 249-ы қаралып, олардың 50-інде катализатор жоқ екені белгілі болды. Катализатор — зиянды шығарындыларды азайтатын маңызды құрылғы.

Экологтар мұндай жағдайдың алғаш рет тіркеліп отырмағанын атап өтті. Бұған дейін NEO City TRANS және TALAP T автобус парктерінде де тексеріс жүргізіліп, кейбір көліктерден зиянды қалдықтардың нормадан асқаны анықталған.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 13,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.