06 мам, 2026 сағат 12:53

Жеке деректеріңіз желіде жүр ме: Қазақстанда жаңа тексеру сервисі іске қосылады

Фото: Astanatv.kz

Қазақстанда азаматтарға өз жеке деректерінің желіге тарап кеткен-кетпегенін тексеруге мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа жүйе цифрлық қауіпсіздік туралы заң аясында құрылып жатыр. Арнайы мемлекеттік платформа арқылы кез келген адам ЖСН, телефон нөмірі немесе мекенжайы интернетке тарап кеткенін тексере алады. Бұл өз кезегінде азаматтарға дер кезінде құпия сөздерін өзгертіп, банк карталарын бұғаттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, билік ашық деректердегі жеке ақпаратты қорғауды күшейтпек. Қазір сот шешімдері мен мемлекеттік сатып алу құжаттарында азаматтардың жеке мәліметтері жиі жария болып кетеді.

Енді мұндай құжаттарда деректерді бүркемелеу және хэштеу талаптары енгізіледі, яғни аты-жөні мен мекенжайы жасырылады немесе арнайы белгілермен алмастырылады.

Бұдан бөлек, жеке деректердің таралуына жол бергендерге жаза қатаңдайды. Ақпараттың жаппай тарап кетуі үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қарастырылып жатыр.

Ал деректер қауіпсіздігін сақтамаған компанияларға салынатын айыппұл көлемі 5000 АЕК-ке дейін ұлғаюы мүмкін. Мемлекеттік базалар да қорғалып, олардан мәліметтерді жаппай жүктеу мүмкіндігі шектеледі.