20 жел, 2021 сағат 20:13

Алматыда Әбіш Кекілбаевтың повесімен түсірілген «Шыңырау» фильмі таныстырылды


Алматыда жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі негізінде түсірілген аттас фильмнің ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Фильм 10-нан астам халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып бағасын алғанмен, елдегі премьерасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген еді. Соның реті бүгін келіп отыр. Шараға қаржылай демеушілік көрсеткен «Қазақстан Коммерция» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, белгілі меценат, мемлекет және қоғам қайраткері Жауғашты Жоланұлы Набиевке алғыс айтамыз», - дейді жазушының немересі Абыл Кекілбаев. 

Фильмнің сценариін режиссер Жаңабек Жетіруовтың өзі жазғанын айта кету керек.

Негізі повесть 1982 жылы жарық көрген. Сол тұстан 2009 жылға дейін бірнеше кино маманы оны экранға шығаруға ниеттенгенімен, сәті түспеген көрінеді. 

«2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі президенті Ермек Аманшаевтың ұйытқы болуымен Әбіш атамның повесін экранға шығару бойынша нақты жұмыс басталды. Бұл жұмыс Жаңабек Жетіруовқа тапсырылды. Ол кісі повесть авторымен бірнеше рет кездесіп, сценаридің алғашқы нұсқасын өзіне мақұлдатқан болатын. Өкінішке қарай, атамыз фильмді түсіру жұмыстары басталғанын көрмей кетті. 2019 жылы Астанада «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында «Шыңырау» фильмі алғаш рет көрсетілді», - дейді Әбіш Кекілбаевтың немересі.

Фильмдегі сюжет желісі Үстірт жазығында құдық қазуды кәсіп еткен екі қарапайым құдықшының арасындағы бәсекеге құрылған.

Елдің батасын алуды мақсат тұтқан байырғы кәсіпті бәсекенің көзіне айналдырған Еңсеп ақыры сол бақталастықтың құрбанына айналады.

«Фильм адамның өз мақсатына жету үшін өмір бақи еңбектенетінін, бірақ ол өз мүмкіндігінің қай жерде сарқылатынын сезбей, шектен асып кетіп, өз арманының құрбанына айналатынын көрсетеді», - дейді Абыл Кекілбаев.

Бұл фильм 2019 жылдан бері 10-нан астам халықаралық феcтивальге қатысқан. 

Соның ең негізгілері - 2019 жылы Иранда өткен 37-ші «Фаджр» халықаралық кинофестивалінің, Қытайдың Сямэн қаласында өткен «Алтын әтеш және жүз гүл» халықаралық кинофестивалінің, Үнді елінде өткен 24-ші «Керала» халықаралық кинофестивалінің Болгарияның София қаласында өткен 13-ші «MENAR» халықаралық кинофестивалінің және Санкт-Петербургте өткен 27-ші «Әдебиет және кино» атты халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасында ұсынылды. 

Сондай-ақ, АҚШ-тың Аризона қаласында ұйымдастырылған Азиялық фильмдердің халықаралық кинофестивалінде, Үнді мемлекетінің бірнеше қалаларында көрсетілген.

Туындының актерлік құрамына келсек, негізгі рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдабек Шалбаев, белгілі театр және кино актері Мұхамеджан Мырзакеев, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов, Мақсат Сәбитов, Қанат Құрымбаев, Айжан Жаңабекқызы, Анар Бейсенбина сияқты әртістер сомдаған.