02 қаз, 2023 сағат 14:09

Алматыда «Детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық конференция өтті

ото: Adyrna.kz

2 қазанда Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен қазақ детективінің қалыптасу тарихы мен жанрлық ерекшеліктеріне арналған «Детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция аясында «Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы», «Отан үшін от кешу», «Журналист – қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі» атты тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.

Конференцияда еліміздегі детектив жанрының дамуы мен ерекшелігін талқылау барысында «қазақ детективінің атасы» атанған жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер мен тың тұжырымдар талқыланды. Осыдан 100 жыл бұрын дүниеге келген жазушының «Сарғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында» атты туындылары қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының алғашқы қарлығаштары саналады. 

Шытырман оқиғалы повестері қазақ прозасына тың үрдіс әкелген жазушының шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. Сарапшы ғалымдар Кемел Тоқаев тек қазақ детектив жанрының ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде осынау бірегей жанрдың дамуына ерекше үлес қосқан жазушы екенін атап өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Атап айтқанда, ТҮРІКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов, Қырғызстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Қалыбеков, Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, детектив жанрының әйгілі жазушысы Дмитрий Шестаков, танымал отандық жазушылар Дулат Исабеков, Ахметжан Ашири, Құлбек Ергөбек, Қансейіт Әбдезұлы, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Жаңғара Дәдебев және тағы басқа қаламгерлер, ғылым және өнер қайраткерлері қатысты.

Конференция қорытындысы бойынша спикерлер мен сарапшылардың баяндамалары арнайы жинаққа басылып шығады.