27 ақп, 2026 сағат 12:46

Алматыда ер адам кафеден алынған «компотты» ішіп, ауыр күйік алды

Саодат Жураева есімді желі қолданушы жақынының бір жұтым сусыннан ауруханаға түскенін айтып шағымданды, деп хабарлайды Ult.kz.

Туыстарының айтуынша, балалар тағам мен сусынға тапсырыс берген. Алайда компот құйылған банканың ішінде химиялық еріткіш болған. Ер адам бір ұрттап үлгерген бойда сұйықтықты бірден түкіріп тастаған, бірақ соның өзі ауыз қуысы, өңеш пен асқазанның, сондай-ақ бет терісінің ауыр күйік алуына жеткілікті болған.

Зардап шегуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр.

Отбасының мәліметінше, тапсырыс «Bai Tal Kitchen» кафесінен жеткізілген. Жақындары бұл жағдайды кездейсоқ қателік деп санауға болмайды деп есептейді, өйткені сусынның орнына адамға қауіпті зат берілген.

Құқық қорғау органдарына арыз жазылған. Алайда істі азаматтық өндіріске ауыстыру жоспарланып отыр. Отбасы ер адамның жағдайы әлі де ауыр екенін айтып, қылмыстық іс қозғауды талап етуде.