18 сәу, 2026 сағат 15:52

Алматыда Мадина Ералиеваны еске алуға арналған рухани кеш өтті


Фото: ашық дереккөз


Республика сарайында қазақтың көрнекті әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мадина Ералиева рухына арналған ауқымды еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Ult.kz.


Аталған іс-шараны «Байтақ» жасылдар партиясы төрағасының орынбасары Жұмабек Әндешұлы Бастаубаев ұйымдастыруға бастамашы болды. Кеш – тек концерттік бағдарлама ғана емес, қазақ өнерінің алтын қорына енген тұлғаның шығармашылығына тағзым ететін маңызды мәдени оқиға ретінде бағаланды.


Мадина Ералиева – қазақ ән өнерінде өзіндік үнімен, сыршыл әрі нәзік орындау мәнерімен дараланған тұлға. Оның орындауындағы әрбір ән тыңдарман жүрегіне терең әсер қалдырып, ұлттық музыка мәдениетінде ерекше орын алды. Лирикалық әндерді орындаудағы шеберлігі оны өз замандастарынан биік деңгейге көтерді.


Кеш аясында әншінің өмірі мен шығармашылық жолын кеңінен таныстыру мақсатында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде сахналық костюмдері, сирек фотосуреттері, жеке мұрағатынан алынған құнды материалдар ұсынылды.


Сондай-ақ, кеш барысында Мадина Ералиеваның замандастары мен ізбасарлары оның әндерін орындап, естеліктерімен бөлісті. Сол буынның көрнекті өкілдерінің бірі Майра Ілиясова да қазақ сахнасының дамуына қосқан үлесі арқылы ерекше атап өтті.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – Мадина Ералиеваның рухани мұрасын сақтау, оны жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық өнерге деген құрметті арттыру.


«Бұл кеш – тек өткенді еске алу емес, ұлттық өнерге көрсетілген тағзым. Мадина Ералиеваның есімі мен шығармашылығы келер ұрпаққа аманат болып жетуі тиіс», – дейді ұйымдастырушылар.



Мадина Ералиева – өнердегі ғұмыры қысқа болса да, халық жүрегінде мәңгі сақталған жарық жұлдыз. Оның есімі мен өнері уақыт өткен сайын жаңғырып, ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде бағалана береді.