Фото: ұйымдастырушылардан
Алматыда орфандық (сирек кездесетін) аурулары бар қазақстандықтардың өміріне арналған «Сирек адамдар» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Туындыны режиссер Қанат Бейсекеевтің продакшн-студиясы түсірген, деп хабарлайды Ult.kz.
Жоба «Такеда Казахстан» компаниясының қолдауымен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асырылды. Фильм сирек диагнозбен өмір сүретін адамдардың тағдыры, олардың күресі мен қоғам тарапынан қолдаудың маңызы туралы баяндайды.
Картинада II типті мукополисахаридозбен өмір сүретін Самат Рамазанов, гемофилиясы бар баланың анасы, тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну дертіне шалдыққан әйел және миастениясы бар музыканттың оқиғалары көрсетілген. Сондай-ақ Крон ауруымен күрескен Ардақ Дусманбетовтің әсерлі тарихы қамтылған.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда сирек кездесетін аурулары бар шамамен 87 мың пациент дәрігер бақылауында, оның 21 мыңы — балалар. Фильм авторлары бұл жоба қоғам назарын орфандық аурулар мәселесіне аударып, түсіністік пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді деп үміттенеді.
