Фото: Азамат Құсайынов
Алматыда Ұлттық кітапханада ақын, аудармашы, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойына орай «Жүрегі жырдан жаралған» атты әдеби-музыкалық кеш өтті, – деп хабарлайды Ult.kz.
Салтанатты шараға кітапхана оқырманы, БАҚ өкілдері мен зиялы қауым, сондай-ақ ақынның өмірлік жары Күлтай Қасымова мен туыстары қатысты.
Фото: Азамат Құсайынов
«Бүгін осы кітапханада Тұманбай ағаларыңа арнап 90 жылдық тойдың басын сіздер бастап жатырсыздар. Көп рақмет айтамын! Мен не айтамын, тек қана ол кісінің өзі болып, араларыңда жарқырап отырса, тіпті жақсы болар еді. Бір өкініштісі сол ғана. Өзі "сен артымда қал" дей беруші еді. Бұл отбасының ошағын сөндірмей, бала-шағасына ие болсын дегені екен ғой. Біз қол ұстасып, өмір бойы баратын жердің бәріне бірге бардық. Қазақстанның ішін де, шетелді де бірге араладық. Сіздердей оқырманы, халқы бар, біздің Тұмекең бақытты ақын деп білемін», – деді Күлтай апай.
Кезінде бір топ жас Тұманбай Молдағалиевтың шәкіртіміз деп, үйіне барып, асын ішіп, әдебиетті бірге жасаған көрінеді.