Фото: ашық дереккөз
Алматыда медициналық жабдықтарды пайдалану кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ult.kz. Тексеруді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті жүргізген.
Ведомство мәліметінше, жоспардан тыс бақылау нәтижесінде Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заң талаптары сақталмағаны белгілі болды.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық мекемеде 106 пациент мониторингі модулі міндетті рәсімдерден өтпей пайдаланылған. Құрылғылар типін бекітусіз немесе метрологиялық аттестациясыз қолданылған, мемлекеттік реестрде тіркелмеген және тексеруден (поверкадан) өтпеген. Соған қарамастан, олар пациенттерге медициналық көмек көрсету барысында қолданылған.
Мамандардың айтуынша, бұл модульдер жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қандағы оттегі деңгейі, электрокардиограмма және дене температурасы сияқты өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылауға арналған. Мұндай жабдықтың дәлдігі расталмай пайдаланылуы клиникалық шешімдерге тікелей әсер етіп, пациенттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Тексеру барысында Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңының 17 және 19-баптары бұзылғаны анықталған. Барлық фактілер тиісті материалдармен расталды.
Нәтижесінде медициналық ұйымға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілді. Сонымен қатар мекеме Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 419-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 600 айлық есептік көрсеткіш (2 595 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеген.
Департамент өкілдері метрологиялық талаптарды сақтау пациент қауіпсіздігімен тікелей байланысты екенін атап өтіп, мұндай нормалардан ауытқуға жол берілмейтінін ескертті.
