25 сәу, 2025 сағат 11:02

«Алматының жас жазушысы – 2025» байқауының жеңімпаздары анықталды

Фото: ҚР Жазушылар Одағы

Алматы қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Алматының жас жазушысы – 2025» қалалық байқауы өз мәресіне жетіп, жас қаламгерлердің есімі елге танылды. Байқау қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, дарынды жазушы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына орай өткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Әдеби байқауды Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қалалық кітапханалар жүйесі және «Өркен» қоғамдық қоры бірлесе қолға алған. Шығармашылық бәсекеге 15-17 жас аралығындағы 173 жас талапкер қатысып, Сапарғали Бегалиннің шығармаларындағы кейіпкерлер мен оқиғаларды фэнтези жанрымен сабақтастыра отырып, тың дүние ұсынды. Бұл – әдебиет пен қиял әлемін тоғыстырған шабытты алаңға айналды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында салтанатты түрде өтті. Қазылар алқасы қатысушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, туындыларда көркем тіл, ой тереңдігі мен тақырыптық өзектілік ерекше ескерілгенін атап өтті. Бұл байқау жас қаламгерлердің көркемдік талғамын шыңдап, әдеби өрісін кеңейте түсті.

Аталған жоба аясында ең жас қатысушыларға алғаш рет «Жас дарын» арнайы сыйлығы берілді. Ал жүлделі орын алған жас әдебиет сүйер қауымға «Алматының жас жазушысы» атағы табысталды. Байқау барысында үздік деп танылған шығармалар электронды жинаққа еніп, көпшілікке қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тарту етіліп, олардың әдеби жолына сәттілік тілеген игі лебіздер айтылды.

«Алматының жас жазушысы – 2025» байқауы – руханияттың тамырын тереңге тартқан, ұлттық әдебиеттің келешегін көркем арнаға бағыттаған тағылымды шара ретінде есте қалды. Бұл – жас дарындарға берілген сенім, әдебиетке жол ашқан алғашқы сәттердің жарқын көрінісі.