14 сәу, 2021 сағат 12:10

«Алтын тобылғы» әдеби байқауы жарияланды

Жас ақындар мен жазушыларды анықтайтын дәстүрлі «Алтын тобылғы» байқауы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік тілді дамыту қорына сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры еліміздегі ең үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайтын дәстүрлі «Алтын тобылғы» әдеби байқауын жетінші рет ұйымдастырып отыр. 

Байқаудың басты мақсаты — қазіргі заманғы қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау және олардың шығармашылығын насихаттау. 

Жүлде төмендегі номинациялар бойынша тағайындалады, әр номинация жеңімпазына «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атағы және қаржылай сыйлық табыс етіледі:

«Жылдың үздік прозасы» (2 млн)

«Жылдың үздік поэзиясы» (2 млн)

«Жылдың үздік драматургиясы» (2 млн)

«Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» (2 млн)

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік әдеби туынды» (арнайы номинация) (3 млн)

Байқауға қатысуға 18-35 жас аралығындағы жас әдебиетшінің қазақ және орыс тіліндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Конкурстық іріктеуге бір автордан — бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады. Өтінім қабылдау мерзімі 20 тамызға дейін. 

Қатысуға өтінімді пошта арқылы мына мекенжайға жіберу қажет: Нұр-Сұлтан қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі 1, Нұрсұлтан Назарбаев қоры, сондай-ақ өтінімді at2021@fnn.kz электронды поштасына жіберу қажет.

***

Дәстүрлі «Алтын тобылғы» әдеби байқауының

Ережесі 

1. Жалпы ережелер

1. Осы Ереже Нұрсұлтан Назарбаев Қоры тағайындаған «Алтын тобылғы» әдеби жүлдесін (бұдан әрі - Жүлде) беру тәртібін белгілейді. 

2. Жүлденің мақсаты - қазіргі заманғы Қазақстанның көркем әдебиетін дамыту, жас қаламгерлерге қолдау көрсету және олардың шығармаларын насихаттау.

3. Жүлденің міндеттері:

  1. жаңа ұрпақтың қазіргі заманғы көркем әдебиеттегі өмірлік философиялық қағидаттарын бейнелейтін жас қазақстандық қаламгерлерді анықтау және көтермелеу;
  2. тың әдеби үрдістердің қалыптасуына қолдау көрсету;
  3. қазіргі заманғы әдебиеттегі жаңа есімдерді көпшілік қауымға таныстыру.

4. Жүлденің құрылтайшысы мен ұйымдастырушысы - Нұрсұлтан Назарбаев Қоры (бұдан әрі - Жүлде құрылтайшысы немесе Н.Назарбаев Қоры). 

Жүлдені тағайындау бойынша конкурс өткізудің серіктестері: Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

5. Жүлде конкурс негізінде төмендегі номинациялар бойынша тағайындалады: 

1) «Жылдың үздік прозасы»;

2) «Жылдың үздік поэзиясы»;

3) «Жылдың үздік драматургиясы»;

4) «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;

 5) «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік әдеби туынды».

 6. Әрбір номинация жеңімпазына «Алтын тобылғы» әдеби жүлдесінің лауреаты атағы және 2 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. 3 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік әдеби туынды» номинациясы жеңімпазына беріледі. 

 

2. Өткізу тәртібі

Конкурс басталғаны туралы хабарландыру Н.Назарбаев Қорының сайтында www.fnn.kz және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. 

Шығармалар 2021 жылғы 20 сәуірден 20 тамызға дейінгі аралықта қабылданады. 

Конкурстың қорытындысы 2021 жылғы қыркүйек айында жарияланады.

 

3. Жүлдеге әдеби туындыларды ұсыну тәртібі

  1. Конкурсқа 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және орыс тіліндегі шығармалары қабылданады.
  2. Бір автор тек екі номинацияға қатысуға құқылы.
  3. Байқауға «Алтын тобылғы» байқауының бұрынғы жеңімпаздары қатыса алмайды.
  4. Авторлық жұмыстарға қойылатын талаптар:
  5. Конкурсқа бір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармасы ғана қабылданады;
  6. конкурсқа бейнормалық қолданыстағы сөздер кездесетін, этикалық нормалар мен авторлық құқықтары бұзылған шығармалар қабылданбайды;
  7.  шығарма А4 форматында, мәтіні 14 көлеміндегі Times New Rоman қарпімен 1 аралықта терілуі керек. Мәтіннің көлеміне қойылатын шектеу:
  8. проза үшін - 35 беттен кем емес;
  9. поэзия үшін - 5 беттен кем емес;
  10. драмалық шығарма үшін - 30 беттен көп емес;
  11. балалар әдебиеті үшін - 25 беттен көп емес;
  12. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік әдеби туынды» тақырыбындағы түрлі жанрдағы әдеби шығарма (проза - 35 беттен кем емес; поэма - 5 беттен кем емес; драма - 30 беттен көп емес; балалар шығармасы - 25 беттен кем емес).
  13. Конкурсқа жіберілетін өтінім «Алтын тобылғы» деген белгі қойылып бір конвертпен мынадай тәртіппен жіберілуі керек: 

Конвертке бөлек салынатындар 1) автордың аты-жөні көрсетілмей бір данада басып шығарылған шығарма, 2) автордың өзі туралы мәліметтер осы конверттің ішінде жеке конвертте болуы тиіс: аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы, тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефондары, e-mail. 

4. Өтінімдер поштамен Нұр-Сұлтан қаласы, А.Бөкейхан көшесі, 1 үй, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мекенжайына және at2021@fnn.kz электрондық пошта бойынша жіберілуі тиіс.

5. Конкурсқа қатысуға өтінім бере отырып, автор:

  1. өзінің авторлығын растайды;
  2.  Жүлденің ұйымдастырушыларына шығармаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, Ұйымдастырушының ұйғарымы бойынша жинақтарда және ғаламторда жариялауға рұқсат береді;
  3. авторлық гонорарды талап етпейді.

6. Қабылданған шығармалар рецензияланбайды және қайтарылмайды.

7. Жұмыстарды Конкурсқа жіберуге және салтанатты марапаттау рәсіміне қатысуға байланысты шығындарды қатысушылар өздері өтейді. 

 

4. Жеңімпаздарды анықтау тәртібі

1. Қолжазбаларды бағалау және Жүлде жеңімпаздарын (лауреаттарды) анықтауды Конкурстың Құрылтайшысы елімізге танымал ақын-жазушылардан, баспа өкілдерінен, сондай-ақ байқау құрылтайшылары мен серіктестері өкілдерінен жасақтаған (7 адамнан кем емес) Қазылар алқасы жүзеге асырады. 

2. Қазылар алқасының құрамы мен Төрағасын Конкурстың Құрылтайшысы бекітеді.

3. Қазылар алқасының Жүлденің талаптарына сәйкес келмейтін шығармаларды қарамауға (сонымен қатар анонимді шығармаларды) құқы бар.

4. Конкурсқа ұсынылған шығармалар қазылар алқасы мүшелеріне анонимді түрде жіберіледі (автордың есімі аталмайды).

5. Қорытынды шешім қазылар алқасының жалпы санынан кемінде 2/3 кворумы болған жағдайда ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

6. Конкурсқа ұсынылған туындыларды әділ бағалау үшін барлық жұмыстар анонимді түрде қаралады. Конкурсқа ұсынылған жұмыстарды бағалау кезінде шығарманың өзектілігі мен автордың ойлау дербестігі, ұстанымы, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, эстетикалық әсер тереңдігі басшылыққа алынады. 

7. Қорытынды шешім қабылданғанға дейін анонимділік сақталады. 

8. Қазылар алқасының шешімі ақырғы болып табылады және қайта қаралмайды. 

9. Конкурсқа лайықты шығармалар түспеген жағдайда, Қазылар алқасы Ұйымдастырушыларға сол номинация бойынша жүлдені толығымен бермеуге немесе жартылай беру туралы ұсыныс жасауға құқылы.