08 қаң, 2021 сағат 11:46

Андрей Чеботарев саяси партиялардың сайлау науқанындағы белсенділігіне қатысты пікір білдірді

«Алтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев сайлау процесіне қатысып жатқан саяси партиялардың белсенділігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Парламенттік және жергілікті сайлауларға елімізде ресми тіркелген 6 саяси партияның 5-еуі қатысып жатқаны белгілі. Жалғыз оппозициялық партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға қатысудан бас тартты. Осыған байланысты сарапшылық және медиа ортада «сайлауға оппозиция қатыспаса, демек онда бәсеке, тіпті заңды болмайды» деген пікірталас жүріп жатыр. Бұл орайда пікірталастыруға да болады. Өйткені, өткен жылы «Қазақстан-2050» демократиялық күштер коалициясы таратылды. Бұл коалиция «Nur Otan» партиясы жанында жұмыс істеді және оған бүгінде сайлауға қатысып жатқан барлық саяси партиялар кірді. Мұндай коалицияның сайлауға дейін өз жұмысын тоқтатуы да аталған партияларды әлеуеттік серіктестер, саяси одақтастар ретінде байланыстырмайтындығын білдіреді. Әркім өзі үшін күреседі», - деді ол Қазақстандағы сайлауға қатысты ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында. 

Оның атап өтуінше, саяси партиялар парламенттік, сонымен қатар мәслихаттар сайлауына да белсенді қатысып жатыр. 

«Nur Otan» партиясы көшбасшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген өзінің бағарламалық бағытынан таймай келе жатқанын көріп отырмыз. Парламенттік «Ақ жол» мен «Қазақстанның халық партиясы» және парламенттік емес «Адал» мен «Ауыл» партиялары да белсенді. «Адал» партиясы көптеген байқаушыларды таң қалдырып, сайлау процесінде алға ұмтылып шықты. Бұрын «Бірлік» партиясы болған кезінде ешқандай қызметін жүргізбеген, нақты көзқарасын білдірмеген еді. Тек 2016 жылғы парламенттік сайлауға қатысқаны болмаса», - деді сарапшы. 

Андрей Чеботаровтың айтуынша, «Ақ жол», «Қазақстанның халық партиясы» және «Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт жұмыстарын қарқынды жүргізуде.