12 мам, 2026 сағат 15:39

Арыс қаласында синтетикалық есірткі өндірген қылмыстық топ әшкереленді

Видеодан алынған кадрлар

Түркістан облысында полиция ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірген жасырын зертхананы анықтап, жойды. Қылмыстық әрекетті Арыс қаласында екі ағайынды ұйымдастырған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Полицияның мәліметінше, қала шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде ағайынды екі ер адам синтетикалық есірткіні заңсыз өндірумен айналысқан.

Тінту барысында шамамен жарты тонна сұйық мефедрон және 1,5 тонна прекурсор тәркіленген. Сонымен қатар есірткі өндіруге арналған зертханалық жабдықтар — реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер мен пластикалық ыдыстар алынған.

Аталған факті бойынша сараптама тағайындалды.

Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, күдіктілердің заңсыз есірткі өндірісіне қатысы толық тексеріліп жатыр.