12 мам, 2026 сағат 15:29

Атырауда бір отбасының қазасы: сот процесі 18 мамырда басталады

Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында қоғамды дүр сілкіндірген бір отбасының өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында болған оқиға бойынша алғашқы сот отырысы 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Іс ашық режимде қаралады, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Істі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина қарайды.

Тергеу мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал ұрлау және банк карталарын жымқыру баптары бойынша айып тағылған.

Сот сараптамасы мен тергеу деректеріне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында, ал отбасының тағы үш мүшесі қараша айында қаза тапқан. Сараптама күдіктіні психикалық тұрғыда сау деп таныған.

Қылмыс алғаш рет 2025 жылдың соңында отбасы мүшелері жоғалғаннан кейін белгілі болды. Кейін 6 қаңтарда Жангелдин ауылында Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денесі табылған, олардың денесінде пышақ іздері анықталған.

9 қаңтарда күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев анықталды. Кейін іс бойынша оның жұбайы да күдікке ілінген.

Ақпан айының соңында күдіктілер Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Тергеу барысында Сарсемалиев қылмыс жасалған орынды көрсетіп, оқиғаның мән-жайын түсіндірген.

Құзырлы органдар іс бойынша барлық тергеу амалдарының аяқталғанын, енді сот шешімі шығарылатынын хабарлады.