Фото: pixabay/vidhyarthidarpan
Шымкентте білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру дерегі анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, іс бойынша қылмыстық схема сотқа жолданған6 деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС және «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» ЖШС базасында жалған оқыту жүйесі ұйымдастырылған.
Схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де тұлғалар қатысқаны белгілі болды. Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Соның нәтижесінде мемлекет есебінен бөлінетін қаржы заңсыз алынған.
Сонымен қатар жалған бұйрықтар рәсімделіп, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы құжаттар бекітілген, ал орындалған жұмыстар туралы жалған актілер жасалған. Кейбір студенттер ақылы бөлімнен мемлекет есебіндегі білім алушылар қатарына заңсыз ауыстырылған.
«Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемей, тек бюджет қаражатын алу үшін пайдаланылған.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,3 млрд теңгеден асқан.
Тергеу барысында схема ұйымдастырушысының бұған дейін де сотталғаны, тіпті қамауда отырып қылмыстық әрекеттерді басқарғаны анықталды. Күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген.
Сот санкциясымен мүліктерге, соның ішінде Дубайдағы пәтерге, бірнеше тұрғын үй мен автокөліктерге тыйым салынды. Екі күдікті қамауға алынса, үш адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
