13 мау, 2025 сағат 13:15

Астанада Әкелер форумы: ХХІ ғасыр әкесінің рөлі мен жауапкершілігі айқындалды

Фото: ҚР МАМ

Астанада Әкелер күніне арналған X Республикалық Әкелер форумы өтті. Іс-шара барысында «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» Декларациясы қабылданды, деп хабарлайды Ult.kz.

Форумды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды.

Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың мамандары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. Шарада ата-ана болу, бала тәрбиесі, психикалық денсаулық және отбасылық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан тәрбиенің маңызы туралы бағыттарын басшылыққа алды. Президенттің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі форумның басты идеясына айналды.

Қабылданған Декларацияда әке болудың қазіргі заманғы құндылықтары айқындалды. ХХІ ғасырдың әкесі – баланың өміріне белсенді қатысатын, тәрбиелеу мен білім беру үдерісінде жауапкершілікті бөлісетін тұлға ретінде сипатталды. Құжатта гендерлік теңдікті сақтау, әйелдер құқығын құрметтеу және тұрмыстық міндеттерді бөлісу сынды қағидаларға басымдық берілген.

Декларацияда 2030 жылға дейін ата-ана тәрбиесіне ерлердің қатысуын арттыру, әкелер клубтары мен қауымдастықтарын құру және қолдау міндеттелген. Форумның мақсаты – жаңа ұрпақты қауіпсіз, үйлесімді ортада тәрбиелеу және отбасы құндылықтарын нығайту.