12 қаң, 2026 сағат 17:38

АСТАНАДА «ДОСТАР СЕРТІ» МЮЗИКЛІ ӨТТІ


Қазақконцертте «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік мюзикл театры «Достар серті» мюзиклы өтті. 

Жылдар бойы көрерменнің жоғары бағасына ие болған мюзикл театрдың негізгі қойылымдарының біріне айналды. Мюзикльдің премьерасы 2016 жылы 16 қазанда өткен болатын. 

Аталмыш мюзиклда қазақ музыкасының «Алтын қорына» енген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болды. Сонымен қатар, әлемдік музыканың жарық жұлдызы «The Beatles» тобының репертуарындағы шығармалар және жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар орындалды. 


Мюзикл желісі 1960-70-жылдар кезеңінде өрбиді, еліміздің әр өңірінен арман қуып, консерваторияға оқуға келген және бір қалада тоғысқан төрт абитуриент жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғалары, жалындаған жастық шақтары, адал достық пен нағыз махаббат хикаялары баяндалады.


Бұл қойылым нағыз достықты бейнелейді. Олар алғашқы сезімдерін, өмірдің жаңа сынақтарын бірге өткереді. Бірі – романтикаға берілген, екіншісі – өз мақсатына ұмтылған, үшіншісі – достарының көңілін көтеруді ұнататын, ал төртіншісі – салмақты әрі ойлы. Олардың әрқайсысының өмірі мен арман-мақсаттары тек достықтың арқасында жүзеге асады. Жігіттер бірге қуанып, бірге мұңайып, қиындықтарға қарсы тұрады. Достықтың шынайы қуаты – әрбір сынақта, қуаныш пен күйініште.

Мюзиклдың әр сәті жастардың өмір жолында кездесетін мүмкіндіктер мен тосын сыйларға толы. Олар тек дос емес, бір-бірінің армандарын жүзеге асыруға көмектесетін, шынайы бауырға айналады. «Достар серті» мюзиклы жастық шағыңыздың әдемі сәттері, қиындығы және естеліктерін көрсетіп, ұмытылмас әсерге бөлейді.


Либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, аудармашы, драматург – Әннас Бағдат. Қойылымның музыкасын жазған танымал дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері – «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин. 

Басты рөлде ойнайтын әртістер: Марат - Ақжол Өмірзақов, Марат (қарт)-Данияр Туранов, Айдос - Әділет Абдукадиров, Қайрат-Саят Макулбаев, Жұматай - Асхат Байтлеу, Әсем-Арайлым Құсаинова.