Фото: ҚР МАМ
Биыл 26 қыркүйекте Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында дәстүрлі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың 75 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Концерттік бағдарламада әншінің репертуарындағы халық әндері мен төл туындылары шырқалды. Көрерменге оның ұлттық өнерге қосқан баға жетпес еңбегі мен өнегелі жолы насихатталды.
Фото: ҚР МАМ
Әншінің шығармашылығы қазақ музыкасының тарихындағы тұтас дәуірді қамтиды. Ол ұмыт болған, сирек орындалатын халық әндерін қайта тірілтіп, тыңдарман жүрегіне жеткізе білді. Сонымен қатар қазақ өнерінің абыройын алыс-жақын шет елдерде де асқақтатты. Атап айтқанда, АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, Бирма, Сингапур сынды мемлекеттерде өткен концерттік сапарларында ұлттық ән өнерін таныстырып, шетелдік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шарада мерейтой иесінің замандастары, Қырғызстан, Қазақстан Халық әртістері, Мәдениет қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары өнер көрсетті.
