Фото: видеодан алынды
Атырау облысында қаза тапқан ерлі-зайыптының өлімі бойынша екі адам күдікті деп танылды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Бұл туралы Ult.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, күдіктілер Индонезия аумағында ұсталған және оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілген.
«Олар жақын арада, осы айда Қазақстанға жеткізіледі. Шетелдік әріптестермен келу бағыттарын пысықтадық», – деді Әділов.
Қылмыс Жангелдин ауылында өткен күзде болған. Бір отбасы түгелдей жоғалып кеткен. Қаңтардың басында олардың үйіндегі қорадан 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен жұбайының мәйіті табылды. Ал олардың 33 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы әлі күнге дейін табылған жоқ.
Туыстарының айтуынша, ерлі-зайыпты қаза тапқаннан кейін де олардың атынан отбасылық чаттарға аудиохабарламалар келіп тұрған. Соның бірі 7 қарашада жіберілген. Алайда жақындары бұл уақытта олардың өмірде болмағанына сенімді.
25 желтоқсанда туыстары полицияға отбасы мүшелері бір айдан астам уақыт хабарсыз кеткені туралы арыз берген. 6 қаңтарда ерлі-зайыптының денесі табылды. Осыдан кейін 29 жастағы Атырау облысы, Махамбет ауданы тұрғынына іздеу жарияланды.
Полиция бұл іске басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр. Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі, жоғалған отбасының кенже қызы Ақбаянға халықаралық іздеу жарияланған.
