Атырау қаласында қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің жанкүйерімен кездесуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жергілікті тұрғын Әсел Өтепбергенова сүйікті әншісін көрген сәтте ерекше эмоцияға берілген, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі болғандай, Әсел көптен бері Төреғали Төреәлінің шығармашылығын бақылап, концерттеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Күні кеше Атырауда өткен концерттен кейін ол әншіні күтпеген жерден көліктің ішінде байқап қалған.
Желіде тараған видеода қыз әнші отырған көлікті айналып, терезені ашуды сұрайды. Терезе ашылып, әншіні көрген сәтте жанкүйер қуаныштан айқайлап, қолын созып, эмоциясын жасыра алмай қалған.
Ал кадрдан Төреғали Төреәлінің бұл жағдайға күліп, таңғалғаны байқалады.
«Менің жарық жұлдызым», — деп жазба қалдырған жанкүйер.
Бейнежазба әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір тудырды. Бірі қыздың шынайы қуанышына сүйсінсе, енді бірі оның эмоциясына әзілмен қараған.
Әселдің айтуынша, ол әншінің барлық әндерін біледі және жыл сайын концерттерге сахнаға жақын орындардан билет алып, бірге ән айтып жүреді.
