
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін халық өз қалауын жасайды. Біздің партия сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізді. Сондықтан бұл сайлаудан біздің партияның үміті зор. Мен өзім біраз сайлауға қатыстым, бірақ бұл сайлаудың орны ерекше. Себебі партиялар арасында шынайы тайталас өтті және барлығына теңдей мүмкіндік берілді. Әр партия өз мүмкіндігі көрсетіп, дауыс жинау үшін елді аралап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді», - деді Әли Бектаев.
Оның айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары толықтай заң аясында жүргізілді.

«Орталық сайлау комиссиясы, мемлекеттік құзырлы органдар және БАҚ-та барлық партиялар үшін теңдей жағдай жасалды. Бір ғана кедергі танытқан ол пандемия жағдайы. Жұмыс кезінде барынша санитарлық талаптарды қатаң сақтауға тура келді. Әсіресе халықпен кездесу кезінде. Ең бастысы әр азамат өзінің конституциялық құқығын дұрыс әрі еркін пайдалана білсе болғаны», - дейді ол.

Айта кетсек, «Ауыл» партиясының төрағасы елордадағы 66 мектепте орналасқан 113 сайлау учаскесінде дауыс берді.
