29 мау, 2022 сағат 11:47

Ай сайын 500 доллар: Қазақстанның биылғы үздік романы анықталды


Mecenat.kz ұйымдастырған үздік қазақстандық роман байқауы мәресіне жетті. Биыл Шархан Қазығұлдың "Күлпет" романы үздік деп танылды, деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

"Күлпет романы бойынша сайтта 1024 оқырман тіркелген, олардың ішінде нәтижелі, ешқандай күдік тудырмайтын 566 дауыс жиналды. Соңында тек нәтижелі дауыстар ғана есепке алынды, яғни өзін және дауыс беру дерегін растаған оқырманның ғана дауысы саналды. Осы жұмыстың нәтижесінде біз расталған көп дауысты жинаған жеңімпазды жариялаймыз. Биыл үздік роман ретінде «Күлпет» романы аталды. Авторды жеңісімен құттықтаймыз. Біз жақын арада онымен, сондай-ақ салтанатты іс-шараға қатысуға шақыру үшін көп дауыс жинаған басқа да финалистермен хабарласамыз", - делінген ресми хабарламада.

Сыйлық туралы

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін байқау жеңімпаздарының ай сайын жеке есеп-шотына 500 доллар көлемінде рента түсіп тұрады.  Бұл сыйақы - көлемі жағынан әлем бойынша 5-ші орында.

Оны Қазақстан азаматтары, ел пат­риоттары және кәсіпқой әдебиетшілер тобы құрған.

Роман туралы

Романда негізгі кейіпкер – Әбужан. Арал өңіріндегі Ерден жылқышының жалғыз ұлы. Әкесі "менің жолымды қуам деп құрық ұстауға әуес болмай-ақ қой. Қазіргі заман оқығанның заманы" деп, баласын оқытып-шоқытуға күш салады. Әбужан Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, жұмысқа кіріскен тұста еріксіз Ауғанға әскер қатарына алынатындардың тізіміне кіргізіліп, соғысқа аттанады. Соғыстан кейін де елге қайта алмай амалсыз ­Америкадан бірақ шығады. Осылайша бас кейіпкер еліне 37 жылдан соң бірақ оралады.

Айта кетейік, Шархан Қазығұл – қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін танымал тұлғалардың бірі. "Нұр Астана" және "Айқара" республикалық басылымдары мен "Qogam.kz" порталы сияқты жобаларды жүзеге асырған журналист – бірнеше публицистикалық кітаптың авторы. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрінде өзін таныта білген. Сонымен қатар, PR-маман ретінде де қызмет етті. Ол ҚР Президенті, ҚР Үкіметі және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Баспасөз қызметтерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Шархан Қазығұл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде студенттерге дәріс берді.