Фото: caravan.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуы мен отандық балалар әдебиетін қолдауға бағытталған бастамалары аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен «Өркен» қоғамдық қоры «Алматының жас жазушысы – 25» байқауын ұйымдастырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл бастама 2025 жылғы 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай алғаш рет Алматы қаласында өткізілді. Енді байқау республикалық деңгейде ұйымдастырылып, «Қазақстанның жас жазушысы» атауымен тұрақты түрде өткізілетін болды.
Жазушылар одағы Хатшылығының шешімімен байқауды қолдауға және балалар әдебиетін дамытуға арналған бірқатар нақты шаралар бекітілді:
Байқау екі кезеңде өтеді:
-
I кезең – 2026 жылғы қаңтар–наурыз аралығында облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өтеді. Қорытындысы – 22 наурыз, Наурыз мейрамында жарияланады.
-
II кезең – республикалық деңгейде өткізіліп, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні марапаттау рәсімі Астанада ұйымдастырылады.
Негізгі шаралар мен бастамалар:
-
Балалар әдебиетін дамытуға бағытталған жұмыс жоспары мен арнайы комиссия құрылды.
-
Балаларға арналған аудиокітаптар, анимация, мультфильмдер және деректі фильмдер әзірленеді.
-
Республикалық телеарнада балалар әдебиетін насихаттайтын арнайы бағдарлама жасалады.
-
«Ертөстік» атты халықаралық әдеби сыйлық тағайындалады.
-
«Жазушылар одағы мүшелігіне үміткер» мәртебесі енгізіледі.
-
«Үздік балалар жазушысы» атты жаңа жыл сайынғы марапат рәсімі өтеді.
-
Байқау жеңімпаздарының еңбектері баспасөзде жарияланып, облыс әкімдіктері тарапынан марапатталады.
Жас қаламгерлерге қолдау көрсету арқылы елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті дамыту көзделуде. Бұл бастама ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылатын жаңа буын жазушыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жазушылар одағының ресми сайтында байқау туралы толық ақпарат пен жұмыс барысы жарияланып отырады. Сонымен қатар, демеушілер тарту жұмысы да жүйелі жүргізілмек.
