19 қыр, 2022 сағат 15:31

«Бас» романының саяси астары қандай?



Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін отандық бағдарламада Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы талқыланды. Аталған талқылауға Рита Сұлтанғалиева, Әлібек Байбол, Айнұр Төлеу қатысып, өз ойларымен бөлісті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Жүсіпбек Қорғасбектің айтуынша, Отарбаевтың өзі көзі тірісінде «Бас» романына саяси астар бергісі келген көрінеді. Алайда жазушы аса бір саяси қайшылықты көрмейтінін тілге тиек етті. Ал Рита Сұлтанғалиеваның айтуынша, романның «Бас» аталуының өзі резонанс тудырады.

«Себебі мұндағы бас қандай бас деген сияқты. Алайда романның, кітаптың бетіндегі, мұқабасындағы суреті де ойлы оқырманға ой салатыны сөзсіз. Бұл қандай бас деген сияқты. Және бір жағынан алып қарайтын болсақ, Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы әлеуметтік жүйеге өте ауыр бастың сипатын көрсетеді. Мұнда жансыз бас, бірақ нақты образға айналған бас. Өзінің бір сұхбатында жақсы айтып кеткен. Сол сөзді айтқым келеді. Мысалы, Бас романы түсінікті тақырыбы осы, ал мазмұн жөнінде не дейсіз деген сұраққа жауап берген кезде «Құдай бассыз болудан сақтасын, Алаш бассыз қалмасын, басшы Алашсыз қалмасын» дейді. Мен айтар едім, жалпы басты әлеуметтік символикалық жүгі ауыр деп. Бір жоғалып, қайта табылып, қайта денесімен қауышқан бастың артында тек қана жалғыз бас тұрған жоқ. Ол үлкен кәдімгі қазақтың ұлттық рухы тұр, ұлттық тұтастығы тұр, ұлттық болмыс тұр деп айтар едім», – дейді Рита Сұлтанғалиева.

Саяси астар табуға бола ма деген сұрақ болғанда, Айнұр Төлеу романда «басқа қомақты қаржы тігеді ғой. Төраға миллион доллар тікті дейді, аты айтылмайды. Сол төраға кім деп ойлайсыз?» деген кері сұрақ қойды. Артынан өз жауабының нұсқасын айтып, ойымен бөлісті.

«Мен осы жерде астар бар деп ойлаймын. Ол жерде Тәуелсіздік алып жатқан кездегі ахуал өте жақсы берілген. Яғни «Мәдени мұра» бағдарламасы да қалай жүзеге асып жатқаны, сол кездегі біздің ғылымдағы ахуал да өте жақсы берілген. Мысалы, комерсант кейіпкер өзінің ғылымды қуатын қызын жақтырмайды, «ғылымыңды қойшы» дейді. Енді романда трансформация болады. Қазіргі заманда біз сол кездегі айтылуға тиісті дүниелерді бере алуын мен шеберлік деп айтар едім. Себебі, ол кезеңдегі публицистиканы келер ұрпақ оқып отырмайды. Ал көркем шығарманы оқиды. Яғни көркем шығарманы оқыған кезде біздің дәл сол кездегі ғылыми ахуалымыз қандай еді, ғылымға деген көзқарасымыз қандай еді, яғни жанбағыс, нан табу. Мысалы, мен өзім бұл романды басқа қомақты қаржы тіккенге дейінгі кезеңдегі кейіпкерлердің характері қандай, одан кейінгі характер қалай десек, адамның құбылуы сарынынан адамның ақша үшін қалай құбылатынын көруге болады», – дейді Айнұр Төлеу.

Ал Әлібек Байболдың айтуынша, роман біріншіден жеңіл оқылады және автор өткен мен бүгінгіні байланыстырып отырады. Өйткені кейіпкерлердің өзіне мән берсеңіз, мұны байқау қиын емес көрінеді.

«Мәселен, Ықылас Төлеуеевич деп беріледі. Ол Махамбеттің артынан 15 қаралы адам барып, басын алуға барған кезде осы Ықылас бастап барады. Одан кейін ішінде ауыл әкімі Қарауыл деген кісі бар. Ол негізі Қарауыл қожа Бабаназаров деген кісі. Ол Жәңгір ханның қайын атасы, өзі жауапты қызмет атқарған. Сосын Баймағамбет бар, Баймағамбет Айшуақұлы. Бұл ол жерде министр қызметін атқарады. Қайыпқали Сұлтан бар. Бұрынғы заманның адамдарын қазіргі заманның адамдарына әкеліп отыр ғой, және олар өзгерген жоқ, сол кейпінде қалды. Киімі, формасы өзгергенмен, іші өзгерген жоқ. Романның ортасында кейіпкер түнімен дөңбекшіп шығады ғой. Сонда Әлімжан ағасы батыр Бахадүр бабамыз туралы біраз әңгіме айтады. Сөйткен кезде түс көреді. Түсінде Қобда жеріндегі Елек өзенінің бойында Атаман Петров пен Исатай-Махамбет әскері екеуінің шайқасатын жері бар ғой, сол жерде Исатай батыр ажал құшады. Сонда неге Қайыпқали бұл жерде пропогандист болды деген ой келеді да, сол жерде романда айтылады және тарихи негізде де дәлелденген. Алып келе жатқан әскерін кері алып кетеді. Кейін Қайыпқали басшылықта отырады. Ол қалай болғанда да шындық. Өмірдің шындығы», – дейді Әлібек Байбол.