
Параны айтарлықтай көлемде бергендердің ісі бұдан былай ауыр қылмыс түріне жатады. Бұл туралы толығырақ ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қылмыстық жауапкершілік заңсыз сыйақыны алушыларға ғана емес, делдалдар мен пара берушілерге де күшейтілді. Мәселен, параны айтарлықтай көлемде бергендер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылса (бұл ауырлығы орташа қылмыс саналып келген), жаңа редакцияға сәйкес, жаза 7 жылға дейін ұзартылған. Яғни бұл қылмыс автоматты түрде ауыр қылмыс түріне енгізілді. Тиісінше олар мерзімінен бұрын босап шығу құқығынан айырылып, бірден қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде жазасын өтеу мүмкіндігіне ие болмайды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, халық жемқорлыққа қарсы күрестің күшейтіліп келе жатқанын түсінуі керек.
«Параны алғандар да, бергендер де қатаң жазаланады», - деді ол.
