10 там, 2021 сағат 20:10

Берлинде Абай ескерткіші орнатылады


Германия астанасы Берлин қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылады.

Бұл туралы Германиядағы Deutsch-Kasachische Gesellschaft Германия-Қазақстан қоғамының жетекшісі Галина Нұртазина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«2000 жылы Германия астанасы Берлинде Абай атындағы көше ашылды. Қателеспесем Еуропа кеңістігінде Абайдың құрметіне берілген алғашқы көше. Әрине, бұл жерде Қазақстан республикасының орны мен елшілік қызметкерлерінің еңбегі зор. Биыл Берлиндегі Абай атындағы көше бойында оның ескерткіші орнатылады», - деді Галина Нұртазина «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты ақын Абайдың туған күніне орай онлайн өткен концерт барысында. 

Оның айтуынша, Берлиндегі Абай көшесі Қазақстан елшілігі ғимаратынана жақын жерде орналасқан. 

«Елшілікке қонақ болып келген әрбір адам Абайдың кім екенін сұрап жатады. Әрине, біз қуана-қуана Абайдың қазақ халқы үшін кім екенін айтып береміз. Абай және оның шығармашылығын халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында өткен жылдың қараша айынан бастап біздің орталықта «Абай үйі» өз есігін айқара ашты. Алдағы қарашада орталықтың жұмыс істеп тұрғанына 1 жол толады. Осы уақыт аралығында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды», - дейді ол.