29 сәу, 2025 сағат 16:57

Би – нағыз ер азаматқа тән күшті, төзімділік пен тәртіпті, батылдықты дамытады

Фото: qazradio.fm

Бүгін 29 сәуір Халықаралық би күні. Бұл мереке ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл күн француз балетмейстері, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новердің туған күні құрметіне орай бекітілген. Осы орайда еліміздегі би өнерінің аяқ алысы туралы Ult.kz тілшісі анықтап көрді.

Қазақ би өнері – халқымыздың ежелден келе жатқан мәдени мұраларының бірі. Ол сан ғасырлар бойы қазақ ұлтының тұрмыс-салты, дүниетанымы, тарихы мен құндылықтарын бейнелей отырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен.

Елімізде бірнеше танымал би ансамблдері бар. Атап айтсақ, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі – 1955 жылы құрылған, қазақ халық билері, заманауи қойылымдарды қояды. «Наз» мемлекеттік би театры – Хореографиялық театр, ұлттық және заманауи би қояды, 1999 жылы құрылған. Қазақ және әлем халықтарының биін қоятын «Шалқыма» би ансамблі де жоғары кәсібилік көрсетіп жүрген, шетелде жиі гастрольдік сапарлар жасайды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған, ұлттық және қазіргі заманғы би қоятын «Аққу» би ансамблінің ерекшелігі – болашақ кәсіби бишілерді тәрбиелейді.

Соның ішінде, қазақтың болмысымен біте қайнасып келе жатқан «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне биыл 70 жыл толып отыр. Аз уақыт емес, бір ғұмыр. Бірақ би өнері қиын мамандық. Оның үстіне, би саласын таңдайтын ер-азаматтар да азайған. Бұл туралы «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры Елубай Кенжалиев айтып берді.


«Би өнері – қиын мамандық. Бір сағаттық, қырық минуттық бір концерттің өзінде кем дегенде, жиырма би биленеді. Сонда бір биші жиырма сахналық костюм ауыстырады. Жоқ дегенде, он костюм ауыстырып, әп-сәтте он бидің образына ену, әр бидің қимылын ұмытпай сахнаға шығару үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бишілердің бір биді бітіріп, сахнаның артына шыққандағы кезін көрсеңіз, өте қарбалас сәт. 3–4 минуттың ішінде екінші костюмді ауыстырып, киіп үлгеру, дым болмағандай қайта сахнаға күліп шығып, билеу  нағыз еңбек. Негізінен байқасақ, бұл күндері биге ер балалардың келуі сиреп барады. Бұл – тек біздегі емес, еліміздің би ұжымдарында кездесетін басты түйткіл. Осы мәселені шешу үшін елдегі би оқу орындары Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, өздері туралы ақпарат беріп, насихаттағаны жөн. Жалпы, би өнері – ұлттық мерекелерде топтық, хореографиялық қойылымдарды қою арқылы мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды танытатын ірі жанр», – дейді Елубай Кенжалиев.


Спикердің сөзінің жаны бар. Қазақтың ұлттық билерінің көбінде қыз бен жігіт жұп болып билейді. Мәселен, «Қара жорға» биі – қазақтың көне дәуірден келе жатқан биі, ол көшпенді халықтың жылқымен ерекше байланысын бейнелейді. Бұл би – қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды бөлігі, ол ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді және жастардың арасындағы махаббатты дәріптейді. Сондықтан қыз бен жігіт жұп болып билейді.

«Тепең көк» – қазақ халқының ұлттық биі. Бұл би негізінен көңілді, жеңіл және жылдам қимылдардан тұрады. «Тепең көк» биінің ырғақты, секіретін, бұрылатын қимылдары бар. Оны дәстүрлі әндермен немесе аспаптық музыкамен орындауға болады.

«Мерген» биі мергеннің аң аулау кезінде сүйіктісімен кездескен сәтін бейнелейді. Сондықтан бұл биде де қыз бен жігіт жұбы болуы керек. Мерген сахнаға шыққанда оның әрбір қимылы садақпен аң аулап жүрген аңшының қимылдарын дәл көрсетуі тиіс.

Ұлттық бидің бірі – «Ұтыс би».  Бұл бәсекелестікке негізделген ерекше би. Бұл би түрінде атақты бишілер, ақындар шеберліктерін көрсетіп, белгілі қимылдарды импровизация арқылы жарыса орындайды.

Ал «Қамажай» – қазақтың дәстүрлі биі, әйелдердің нәзік қозғалыстарын бейнелейтін өнер түрі. Бұл бидің басты мақсаты – қазақ қызының сұлулығы мен болмысын көрсету. «Қамажай» биі көбінесе махаббат, табиғат және өмірдің әсемдігін сипаттайды.

Расында кейбір ата-аналар балаларын би мектебіне беру – «қыздарға ғана арналған» деген ескі түсінікпен шектеледі. Бірақ бұл – қате пікір. Би – нағыз ер азаматқа тән күш, төзімділік, тәртіп пен батылдықты дамытатын өнер түрі. Қазақ халқының өзінде ер азамат биінің мықты үлгілері бар (мысалы, «Ерке сылқым», «Көңілді жігіттер», т.б.). Бұл туралы балаларға би үйрететін хореограф Адель Қазбекқызы айтып берді.


«Ер баланы биге берудің негізгі себептерін атап бере аламын. Біріншіден, дене дамуы мен денсаулық, яғни би  – бұлшықетті шынықтырады, икемділік пен дене сымбатын жақсартады. Жаттығулар арқасында дұрыс жүріс, қалып (осанка) қалыптасады. Би – жүрек-қан тамыр жүйесіне пайдалы аэробикалық жүктеме. Екіншіден, тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді. Биші болу үшін тәртіп, дайындыққа уақытылы келу, жаттығуды тастамау қажет. Бұл әдеттер баланы жауапты болуыға тәрбиелейді. Үшіншіден, өзін-өзі көрсету және сахналық мәдениет. Би – баланың өзін еркін ұстауына, ұялшақтықтан арылуына көмектеседі. Сахнада өнер көрсету – сенімділік пен шешім қабылдаудағы батылдыққа үйретеді. Төртіншіден, музыкалық есту мен ритм сезімін дамытады. Баланың музыканы тыңдау, ырғағын ұғу қабілетін арттырады», – дейді хореограф Адель Қазбекқызы.


Сонымен қатар, хореографтың айтуынша, қазақ ұлттық билері арқылы бала өз халқының дәстүрі мен тарихын тереңірек түсінеді. Бұл – патриоттық тәрбие. Би – шығармашылық ойлау және эстетикалық дамуды, қимылмен ой жеткізу – шығармашылық қабілетті дамытады. Би арқылы баланың әдемілікке, үйлесімге деген көзқарасы қалыптасады.


Ақбота Мұсабекқызы