15 ақп, 2021 сағат 13:40

Биыл агросақтандыруды субсидиялауға 3,3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді

Еліміздің шаруалары егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандыра алады. Оны үйден шықпай-ақ Qoldau.kz порталы арқылы жасауға болады. Ал сақтандыру құнының жартысын мемлекет төлейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім еткендей, өткен жылы басталған онлайн-сақтандыру жақсы нәтиже көрсетіп отыр: фермерлерге 535 млн теңгенің сақтандыру төлемі берілді. Бұл ретте, сақтандыру жағдайы туындағаны жөнінде комиссия мүшелері емес, спутниктік мәліметтерге негізделген ақпараттық жүйе анықтаған. Бұл, сақтандыру төлемі механизмінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етті. 

«Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. 

Агросақтандыру саласындағы оператор - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Мемлекет оператор арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сақтандыру сыйақысын төлеуге арналған шығындардың бір бөлігін өтейді.

Барлық сақтандыру процесі «Agroinsurance» сервистік жүйесі орналасқан Qoldau.kz платформасында іске асырылады», - деді министрліктен. 

Сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері, сұлы) және майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр) жатады. Егіс алқаптарын Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының шаруалары сақтандыра алады.

Егіс алқабын сақтандыру үшін шаруа:

· электронды цифрлық қолтаңба арқылы сайтқа тіркеледі;

· жеке кабинетке кіреді;

· тізімнен сақтандырылуы тиіс егіс алқабын таңдайды;

сақтандыру компаниясын таңдайды (Жусан Гарант, Виктория, Nomad Insurance);

· сақтандыру құнының 50% төлейді.

«Осы қарапайым процедуралардан кейін фермер күн сайын жеке кабинеті арқылы топырақтағы ылғал деңгейін бақылауға мүмкіндік алады. Ол үшін үнемі онлайнда болудың қажеті жоқ. Егер жүйе ылғал жетіспеушілігін немесе артық мөлшерін тіркесе, фермер электронды поштаға хабарлама ала алады. Осыдан кейін электронды цифрлық қолтаңба арқылы төлем өтінішіне қол қоюы керек. 

Барлық процесс автоматтандырылған және сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру жағдайы тіркелген сәттен бастап 15 жұмыс күн ішінде төлем жасалады», - деп нақтылады ведомстводан.