18 мам, 2021 сағат 07:51

Бүгін - Батырхан Шүкенов пен Олжас Сүлейменовтің туған күні


Бүгін - Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов пен Қазақстанның әйгілі эстрада әншісі, композитор Батырхан Шүкеновтің туған күні.

Дәл осы күні ТМД көлемінде танымал болған аса дарынды музыкант, эстрада әншісі Батырхан Шүкенов дүниеге келген. 

Ол Қызылорда облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген.

1982 жылдан Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына кірді. 1987 жылы «Алматы» тобын құрады. 

Кейіннен ол «Алматы-Студио» тобы болып қайта құрылды. 1989 жылы өзінің атақты «Джулия» деп аталатын хитын жазды. Осы жылы «А-Студио» Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» әш кешіне қатысқаннан кейін ансамбль атағы бұрынғы Совет одағы аумағында танымал болды. Әнші 2002 жылы Қазақстанға оралып, өзінің алғашқы «Отан ана» атты жеке альбомын шығарды. 2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды. 2009 жылы ЮНИСЕФ ерікті елшісі, 2010 жылы Алматыдағы Қайырымдылық балы комитетінің құрметті мүшесі болды.

Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған жасында Мәскеу қаласында жүрек талмасынан қайтыс болды. Марқұм Алматыда жерленді.

Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған.

«Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ ССР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. Өз туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген. Оның сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан. І дәрежелі «Барыс», «Отан», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ядролық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының көшбасшысы, Қазақ ССР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы. Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі болды.