05 ақп, 2022 сағат 14:30

Бүгін «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясы эфирге шығады


Бүгін «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының біртуар ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай түсірген «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаясы эфирге шығады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

4 бөлімді телехикая Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары - 1973 жылдан 1976 жылға дейінгі кезеңіне арналған, яғни осы уақыт аралығында ақын өміріне бетбұрыс әкелген ірі оқиғалар қамтылады. Туындыда қаламгер тағдырының қиын-қыстау кезеңінде шығармашылығын мойындап, жанынан табылған ұлт тұлғалары - Бауыржан Момышұлы, Асқар Сүлейменов, Тоқаш Бердияров, Нұрғиса Тілендиев, Фариза Оңғарсынованың бейнелері бар.

Басты рөлді белгілі актер -Азамат Сатыбалды, жары Лашын Әзімжанованың рөлін - Ақбота Қаймақбаева, Бауыржан Момышұлын - Бақытжан Әлпейіс, Нұрғиса Тілендиевтің рөлін - Бақыт Беделхан, Асқар Сүлейменовті - Мақсат Сәбитов, досы Тоқаш Бердияровтың рөлін - Рүстем Жаныаманов, Фариза Оңғарсынованың рөлін Ажарлым Мағзұм ойнайды.

Телехикая режиссері - Дархан Сәркенов, сценарий авторы - Қанат Рамазан.

«Телехикаяның әр бөлімінде ақынның жан-дүниесіне төңкеріс әкелген негізгі тылсым оқиғаларды өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының келбетімен көрсетеміз. Телехикаяны көре отырып, көреремен «қазақ поэзиясының мұзбалағы» атанған ақынның қай ғасырда болсын ізі өшпейтіні, оны уақыт өткен сайын өзгеше зерттей беретінімізді түсінеді. Телехикая Мұқағали Мақатаевтың бүгінге дейін жұмбақ болып келген құпияларына үңілу арқылы Мұқағали феноменінің өзгеше тұстарын ашуды мақсат тұтады», - дейді сценарий авторы Қ.Рамазан.

Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті.

«Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 5,6 ақпан күндері сағат 20:50-де эфирге шығады.