
ТМД Атқарушы комитетінің халықаралық байқаушылары, РФ қоғамдық палатасының өкілдері елордадағы Бейпартиялық сайлауды байқау орталығында болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз - Қазақстандағы сайлауды бақылайтын ресми халықаралық байқаушылармыз. Жалпы сайлауды байқау ісімен Ресейде де, басқа шет елдерде де 8 жылдан бері айналысып келеміз. Қазақстан мен Ресейдің параллель жолмен келе жатқаны мені қуантады. Біздің бұрыннан бергі серіктесіміз - ҚР Азаматтық альянсының да ауқымды жұмыс атқарғаны көңілімізден шығып отыр. Мұнда (Бейпартиялық сайлауды байқау орталығына) шынында да көп ақпарат келіп түсетінін, сайлау учаскелерінде не болып жатқанын осында бақылауға болатынын көрдік. Бұл - дұрыс қадам. Бауырлас Қазақстандағы сайлауды байқау ісі толыққанды жүргізіліп жатқанына қуаныштымыз», - деді РФ Қоғамдық палатасының мүшесі әрі дауыс беру бойынша үйлестіру кеңесінің басшысы Максим Григорьев.
РФ Қоғамдық палатасының мүшесі Артем Кирьянов та пікірін ортаға салды.
«Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының басшылығымен кездесе отырып, қоғамды сайлауға тартып, байқаушыларды үйрету жағынан Қазақстанда сенуге тұрарлық азаматтардың барына қуанып отырмыз. Қоғам өкілдерінен екі адам әр учаскеде байқау ісіне қатыса алады екен. Дайындық жұмыстарының материалдарымен, оқыту семинарларының бағдарламасымен таныса келе қоғамдық бақылау деңгейі айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады», - деп атап өтті спикер.
Өз кезегінде Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының басшысы әрі Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазинова атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Бұған дейін бірнеше рет айтқанымдай, 1 желтоқсаннан бастап Бейпартиялық сайлауды байқау орталығы байқаушыларды дайындау ісімен айналысып келеді. Оның үстіне біздің байқаушылар қалаларда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде жұмыс жүргізеді. Қазақстанда 10 мыңға тарта сайлау учаскесі бар. Әрбір учаскеге байқаушыларымызды қойғымыз келеді», - деді Бану Нұрғазинова.
