02 қыр, 2025 сағат 13:42

Димаш Құдайберген қытайлық реалити-шоудың атқарушы продюсері атанды


Фото: instagram/kudaibergenov.dimash


Танымал әнші Димаш Құдайберген Қытайда жаңа музыкалық реалити-шоудың атқарушы продюсері болмақ. Жаңа қызметі жайлы әнші өзінің Instagram-парақшасында мәлімдеді.  


Димаш Hunan TV медиахолдингі мен бас менеджер Цай Хуайцзюньмен келісімшартқа қол қойып, жаңа жобаны іске қосатынын жариялады. Жоба музыкалық реалити-шоу форматында өтпек.


Әншінің айтуынша, жобаға әртүрлі елдердің вокалистері қатысып, түсірілімдер Қазақстанның төрт өңірінде өтеді. Алайда қандай тарихи орындар көрсетілетіні әзірге құпия.


– Шоу бүкіл әлемге көрсетіліп, миллиондаған көрерменге жаңа дауыс пен Қазақстанның бірегей мәдениетін таныстырады. 10 жылға жуық уақыт бұрын Hunan TV арнасындағы "Мен – әншімін" жобасымен үлкен сахнаға жолым басталды. Бүгін мен жаңа рөлде – халықаралық шоу авторы ретінде қайта оралып отырмын, – деп жазды Димаш.