Коллаж: ulysmedia.kz.
Абай облыстық полиция департаменті Қазақстанда онлайн алаяқтықтың жаңа түрі белең алып бара жатқанын ескертті. Бұл жолы алаяқтар азаматтардың мемлекеттік қызметтерге деген сенімін пайдаланып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі болғандай, олар үкіметтің ресми байланыс орталығының нөміріне ұқсас нөмірлерден хабарлама жолдап, «атыңызға айыппұл келді» деп көрсетеді. Хабарлама ішінде «тексеру» үшін арнайы сілтеме беріледі.
Алғаш қарағанда сілтеме ресми порталға ұқсайды. Алайда бұл – eGov жүйесін айнытпай көшірген жалған сайт. Алаяқтар оның интерфейсін дәл жасап, пайдаланушыны жаңылыстыруға тырысады.
Мұндай сайтта кез келген көлік нөмірін немесе ЖСН енгізсеңіз де, жүйе бірден «айыппұл» туралы жалған мәлімет шығарады. Бұл – пайдаланушыны сендіріп, оны шұғыл әрекетке итермелеу үшін жасалған тәсіл.
«Төлеу» батырмасын басқан сәтте сайт банк картаңыздың толық деректерін енгізуді сұрайды. Осылайша алаяқтар сіздің қаражатыңызды оңай иемденеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай алаяқтықты оңай әшкерелеуге болады: жүйеге қате дерек енгізсеңіз де «айыппұл» шыға береді. Бұл – жалған сервистің басты белгісі.
Құқық қорғау органдары ескертеді: мемлекеттік мекемелер ешқашан SMS арқылы жеке немесе банк деректерін сұрамайды. Айыппұлдар тек ресми платформалар арқылы ғана тексеріледі.
Полиция азаматтарды тек сенімді дереккөздерге жүгінуге, күмәнді сілтемелерді ашпауға және жеке мәліметтерді бөгде сайттарға енгізбеуге шақырады. Күдікті жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.
