09 сәу, 2026 сағат 16:58

Психологтарға талап күшейеді: Аймағамбетов жаңа заң жобасын таныстырды

Фото: ашық дереккөз

Депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында психологиялық қызмет саласын реттеуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда көшеде самса сату үшін санитарлық кітапша қажет болса, адам жанына көмек көрсететін «психологтарға» ешқандай нақты талап қойылмаған. Соның салдарынан күйзеліске түскен азаматтар әлеуметтік желілер арқылы күмәнді мамандарға жүгініп, жағдайын одан әрі ушықтырып алатын жағдайлар жиілеген.

Депутат жалған психологтардың әрекеті үшін жауапкершіліктің жоқтығын сынға алды. «Егер аспаз халықты уласа – жауапқа тартылады. Ал адамның тағдырына зиян келтірген жалған психологтар үшін неге жауапкершілік қарастырылмаған?» деп атап өтті ол.

Жаңа заң жобасы аясында:

  • психологтардың бірыңғай реестрі жасалады;

  • мамандарға диплом талап етіледі;

  • нақты құқықтық жауапкершілік енгізіледі;

  • кәсіби құпияны сақтау міндеті бекітіледі;

  • психолог пен психиатрдың қызметі нақты ажыратылады.

Аймағамбетовтың сөзінше, мемлекет психикалық саулықты тұрмыстық қызмет емес, аса жауапты сала ретінде заң жүзінде бекітуді көздеп отыр.

Ол бұл бастама азаматтарға қауіпсіз әрі кәсіби психологиялық көмек көрсету жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.