09 сәу, 2026 сағат 17:02

Полицейге қол көтергенге – 3 жыл: Астанада мас күйдегі ер адам сотталды


Фото: ашық дереккөз


Астанада полиция қызметкерлеріне күш қолданған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.


Оқиға елордадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Алкогольдік масаң күйдегі азамат полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға балағат сөздер айтып, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған. Бұған қоса, қарсылық танытып, күш қолданған.


Құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан полиция қызметкерлері денсаулыққа зиян келтірмейтін дене жарақатын алған.


Сот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.


Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.

Қала прокуратурасы билік өкілдерін қорлау және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы күш қолдану қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салып, азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды.


Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде полицейдің қаруын тартып алып, оқ атқан күдіктілер ұсталған еді. Сондай-ақ ІІМ орынбасары Санжар Әділов полицияға шабуыл жасау деректеріне қатысты пікір білдірген болатын.